Ақтауда түркітілдес елдер арасында бочча спорт түрінен халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Турнирдің ашылу салтанатына ҚР Парламент Сенатының депутаты Сүйіндік Алдашев, Маңғыстау облыстық «Бочча» паралимпиадалық спорт түрі федерациясының президенті Жаңбырбай Матаев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев және спортшылар қатысты. Сайысқа Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен 30 спортшы қатысып жатыр. Турнирдің басты мақсаты – түркітілдес мемлекеттер арасындағы мәдени және спорттық ынтымақтастықты нығайту, паралимпиадалық қозғалысты дамыту арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы белсенділігін арттыру. Сайыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев сөз сөйлеп, турнирдің инклюзивті спортты дамытудағы маңызын атап өтті. -Бұл турнир тек спортта ғана емес, қоғамда тең мүмкіндіктерді қалыптастару мақсатында ұйымдастырылып отыр. Халықаралық турнирдің Маңғыстауда өткізілуі біз үшін үлкен мәртебе. Түркітілдес мемлекеттерден келген спортшыларға ризашылығымызды білдіреміз. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Аббат Өрісбаев.