Алматыдағы жетекші жоғары оқу орындарының студенттері қаржылық қауіпсіздікке арналған республикалық диктант-тестке белсенді түрде қатысып жатыр. Бұл бастама азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға және алаяқтық әрекеттерден сақтану дағдыларын дамытуға бағытталған. Іс-шараны ҚР Қаржы мониторингі агенттігі «Халық Банк» АҚ және «Қарызсыз қоғам» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп ұйымдастырған.
Диктанттың негізгі мақсаты – азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау және қаржылық қауіпсіздік негіздерін меңгеруге көмектесу. Қатысушылар өз білімін тексеріп қана қоймай, тестілеуден өткенін растайтын сертификатқа ие болады.
2025 жылы 14 қазандағы мәліметке сәйкес, Алматы қаласында 6 мыңнан астам адам, соның ішінде көптеген студент диктантқа қатысқан. Мұндай шаралар жастардың қаржылық сауатын көтеріп, қоғамда заңдылық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға жол ашады.