Алматыда ақша айырбастау пунктінің жанында әлдекім қала тұрғынынан 13 миллион теңге көлеміндегі ақшасын тартып алған. Полиция департаментінің мәліметінше, ер адам жәбірленушіге қоқан-лоққы көрсетіп, қысым жасаған. Амалы қалмаған азамат қолындағы бар ақшасын беруге мәжбүр болыпты. Алайда өзіне жәбір көрсеткен тұрғынның түр сипатын жаттап қалыпты.
Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 39 жастағы күдіктіні анықтап, қолға түсірген. Қазір оқиға бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Ізін суытпай күдікті ұсталып, қазіргі таңда уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Қылмыстық Кодекстің 191-бабының нормалары бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл баптың нормалары бойынша 7 жылдан аса бас бостандығынан айыру көзделуде», – деп мәлімдеді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.