Астанада әйел адам модульді үй салдыру үшін белгісіз компанияға 2 миллион теңге алдын ала төлем жасап, алаяқтардың құрбанына айналды. Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жәбірленуші әлеуметтік желілердің бірінде үй салу жөніндегі жарнаманы көріп, сол компаниямен байланысқа шыққан.
Келген «мамандар» үйдің орнын өлшеп, жалпы құнын есептеп берген. Кейін тапсырыс берушімен ресми келісімшарт жасасып, ол 2 миллион теңге алдын ала төлем аударады. Құжат бойынша мердігерлер 30 күн ішінде құрылыс жұмысын аяқтауға тиіс болған. Алайда уақыт өте келе ешқандай жұмыс басталмаған, ал компания өкілдерімен байланыс толық үзілген.