2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасы Kazneb.kz платформасының даму қарқыны жаңа деңгейге көтерілді. Яғни контент қаралымының саны 4 076 629-ға жетіп, 30% өссе, пайдаланушы 379 312, қашықтықтан 746 056 пайдаланушы кіріп, 44% артты. Сондай-ақ авторлардың рұқсатымен құжаттарды жүктеу саны 1 миллион 600 мыңнан асты.
ҚазҰЭК – қазақстандық мазмұндағы кең көлемді ақпараттар ұсына алатын тұңғыш мемлекеттік кітапханалық портал. Кез келген пайдаланушы интернет желісі арқылы Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана порталына тіркелусіз, еркін, авторизациясыз толық мәтінді құжаттармен таныса алады.
ҚазҰЭК әлемнің 110 елінен пайдаланушылардың сенім артып, тұрақты қолданатын порталына айналып келеді. Негізгі елдер қатарында Қазақстан, Ресей, Германия, АҚШ, Өзбекстан, Нидерланды, Франция, Түркия, Қытай, Ұлыбритания және т.б. бар. Портал көзі нашар көретін жандар үшін де қолжетімді.