Мәдениет және ақпарат министрлігі елдегі азаматтық келісімді нығайтып, этносаралық қарым-қатынасты дамыту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді. 2025 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 95%-дан астамы этносаралық ахуалды тұрақты және қолайлы деп бағалаған.
Мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде өңірлерде ақпараттық-түсіндіру топтары белсенді жұмыс істеп, азаматтардың құқықтық және этносаяси сауатын арттыру мақсатында 2000-нан астам оқу-ағарту және алдын алу іс-шараларын өткізді.
2025 жылдан бастап 14 жоғары оқу орнында журналистика мамандығында оқитын студенттер үшін «Этносаяси сауаттылық» атты жаңа пән енгізілді. Бұл бастама жас журналистердің этносаралық тақырыптарды жауапкершілікпен жариялауына және қоғамдық тұрақтылық мәдениетін қалыптастыруға жол ашады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі этносаралық шиеленістердің алдын алуда маңызды рөл атқарып отыр. Қазір ел бойынша 1700-ден аса осындай кеңес жұмыс істеп, адамгершілік құндылықтарды дәріптеу мен отбасылық тәрбиені күшейтуге бағытталған жобаларды іске асыруда. Сонымен қатар Ақсақалдар кеңесі жарты жылда 300-ден аса мәселені қарап, 200-ден астам ұсыныс әзірлеген.
«Жомарт жан» орталықтары да белсенділік танытып келеді. Онда 340-тан астам меценат, ерікті мен қоғам қайраткері қайырымдылық бағытында еңбек етуде. Олар жыл басынан бері 500-ден аса іс-шара өткізіп, жалпы көлемі 304 миллион теңгеден астам көмек көрсеткен.
Сондай-ақ, азаматтық жауапкершілікті арттыруда экологиялық акциялардың маңызы зор. «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 300 мыңнан астам этномәдени бірлестіктер мүшелері, жастар мен еріктілер түрлі сенбіліктер мен экологиялық шараларға қатысқан.