Жыл сайын елімізде шамамен 370 мың сәби дүниеге келеді. Осы қуанышты сәттердің әрқайсысының артында акушерлердің кәсібилігі, жанашырлығы мен қажырлы еңбегі жатыр. Олар болашақ аналарды перзентхана табалдырығын аттаған сәттен бастап шығарып салғанға дейін қолдап, медициналық көмекпен қатар моральдық демеу де көрсетеді. Акушерлер — әйелдер мен олардың сәбилерінің жанында ең жауапты әрі толқынысты сәттерде болатын шынайы жан сақшылар.
Халықаралық акушерлер күнін атап өту бастамасы алғаш рет 1987 жылы көтеріліп, 1992 жылы ресми түрде мойындалды. Қазақстан үшін бұл күн — тек кәсіби мереке ғана емес, әрбір сәбидің аман-есен дүниеге келуіне үлес қосып жүрген білікті мамандарға деген алғыс пен құрметтің белгісі.