Атырауда TikTok-тың жұлдызына айналған зейнеткер бір жылда 10 миллион теңге табыс тапқан. 70 жастағы Хадиша Аймұхамбетова желіде «Батыстың әжесі» лақап атымен танылған. Әлеуметтік желіге кіріп, батл ойнау қарияның күнделікті жұмысы. Бір жыл бұрын желіге тіркелген зейнеткер бір жыл ішінде 10 миллион теңге табыс тауып, жаңа баспана алған. Қарияға телефонның тілін ұлы үйреткен екен.
«Қай бос уақытым болса балалармен жарысып TikTok қараймын. Әрбір қызықты рилстарды қараймын. Ұлым айтты, мама сен стрим аш деп. Құрсын не айтамын дедім. Қазақшаға жақсымын. Сосын бір жылда батл ойнап, ақша тауып отырмын. Бүкіл шетелмен ойнаймын. Жалпы қазақтармен көп ойнамаймын», – дейді блогер әже Хадиша Аймұхамбетова.
Қазір «Батыстың әжесі» лақап атымен көпке танған зейнеткердің қазір TikTok-тағы оқырмандарының саны 100 мыңға жақындап қалған. Оқырмандарының көпшілігі шетелдіктер екен. Қария өзінің құрбыларын да осы әлеуметтік желіге тартып жүргенін айтады. Алайда қатарластары эфирге шығуға ұялады екен.
«Шетелден көп дос таптым. Тәжікстаннан, Армения, Украинадан. Басқа оқырмандарымда сол жақтан. Бәрі мені қолдайды. Қазақтар да осал емес. Қазақта үлкенді, әжені сыйлайтындар бар ғой. Бәрі сыйлайды ғой. Барлық тілін меңгеріп алдым. Сауатым бар. Өз замандастарымды да осыған баулып жүрмін», – дейді блогер әже.
Хадиша Аймұхамбетова TikTok-тан тапқан ақшасын үш немересіне жұмсайды екен. 40 жыл бойы еден жуушы болып жұмыс істеген әже қазіргі кәсібім өзіме ұнайды дейді. Тіпті, ол эфирге кіру үшін арнайы орын дайындап, бөлме жабдықтап та қойған.