Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
-3
USD
489
-0.45
EUR
533
-0.83
RUB
5
+0.01

Абай облысында өрт сөндірушілер мен орманшыларға ескерткіш ашылды

Ескерткіштің авторы, мүсінші Нұрбол Қалиев. Гранит тұғырға орнатылған сегіз метрлік ескерткіш тілсіз жауға қарсы тұрған «Семей Орманы» резерватының батыл орманшыларының рухына тағзым іспеттес.  Қоладан жасалған ескерткіш қаза тапқандардың батылдығы мен өз істеріне деген адалдығын бейнелейтін рельефтермен безендірілген.

«Қара орманды қадірлеп, батылдық пен батырлықтың жарқын үлгісін көрсеткендер ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Бұл тұғыртас табиғаттың тосын мінезіне төтеп берген азаматтардың атын әйгілеу үшін арнайы қойылып отыр. Есімдері тарих тақтасына алтын әріппен жазылып, ұрпағы мақтан етер жерлестерімізге, біз қашанда басымызды иеміз!», – деді аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев.

Іс-шарада қаза тапқан орманшылардың туыстары сөз сөйледі. Солардың бірі Арай Әмірханова ескерткіш батырларға құрмет екенін атап өтті.

«Ашылған ескерткіш бейбіт күннің батырларына көрсетілген құрмет деп есептеймін. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды сол қайғылы күннен бері сезініп келеміз. Бірі жарынан, бірі ұлынан, бірі аға-бауырынан айырылған қайғылы жағдайды ел болып бірге өткердік. Бүгін міне еңселі ескерткіш орнатылды. Алғаш рет бізбен кездескенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық көмекті аласыздар деп айтқан болатын. Президентімізге  қолдау көрсетіп, көмек қолын созғаны үшін зор алғыс білдіремін. Барлық көмекті алдық, оған мың да бір алғыс» – деді Арай Әмірханова.

Ескерткіш Бородулиха ауданындағы Камышенка орманшылығының маңы мен республикалық күре жолдың бойында орналасқан. Бұл батылдық пен адалдықтың мәңгілік символына айналып, халқының қауіпсіздігі мен табиғатты қорғау үшін өзін құрбан еткендерді еске салады.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз