Орталық референдум комиссиясы Қазақстанда атом электр станциясын салуға арналған референдумның қорытындысын жариялады. Дауыс бергендердің 71,12%-ы АЭС құрылысын қолдады. Exit poll нәтижесі де осы көрсеткішке жақын болды.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов референдум Қазақстанның саяси мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайтынын айтты.
«Жаңа саяси жағдайда Тәуелсіздігіміздің 33 жылдық тарихындағы үш референдумның екеуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өтті. Сөз жоқ, жаңа саяси мәдениет дәл осылай қалыптасады. Әр азамат қоғам үшін маңызды мәселелерді шешу ісіне тікелей араласып, ел тағдырына өзінің қатысты екенін сезінеді. Бұл – демократияның іс жүзіндегі көрінісі», – деді ол.
Сондай-ақ, Мәжіліс төрағасы бүгінде депутаттардың өңірлерді жиі аралап, халықпен тікелей байланыс орнатып жүргенін атап өтті. Оның айтуынша, осы жұмыстардың нәтижесінде қоғамдық сана өзгеріп, жаңа саяси мәдениеттің қалыптасып жатқаны байқалады. Тұрғындар кез келген мәселе бойынша пікірін ашық айтады. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған саяси реформалар бағытының маңызды нәтижесі.
«Референдумның қорытындысы қоғамдағы жалпы көңіл-күйдің шынайы бейнесін көрсетеді. Халықтық штаб барлық өңірде мыңдаған кездесу өткізіп, қазақстандықтар АЭС салудың ел болашағы үшін аса маңызды екенін түсініп отырғанын көрсетті. Кәсіпкерлер, шаруалар, кеншілер, жұмысшылар, жастар, мұғалімдер, дәрігерлер және көптеген басқа топтар дамыған экономикасы бар елде өмір сүруге мүдделі екенін білдірді. Олардың барлығы бұл мақсатқа жетудің кілті энергетикалық тәуелсіздік екенін және АЭС құрылысы қажеттігін толық түсінеді», – деді Ерлан Қошанов.
Бейбіт атом – сенімді, қауіпсіз, экологиялық таза энергия көзі. Бұл шешім Қазақстанның ғылым, техника, өндіріс және ауыл шаруашылығы сияқты салаларында дамудың жаңа кезеңіне өтуіне мүмкіндік береді. Халық таңдау жасап, ел болашағына үлес қосты.