Петропавлдың тарихи атауы Қызылжарды қайтаруды белсенділер оншақты жылдан бері айтып келеді. Бірақ Петропавлдың тарихи атауын қайтару бүгінде өзекті мәселелердің қатарында тұрған жоқ. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов айтты
«Менің ойымша, бұл бүгінде маңызды емес. Өйткені бізде абаттандыру, жылумен қамтамасыз ету, әлеуметтік дамуға қатысты басқа да көптеген проблемалар бар. Бүгінгі күні ол мәселе екі еселеніп кетті. Иә, Петропавл атауын өзгертуді қалайтындар бар. Сосын қазір емес дейтіндер де жетерлік. Бірақ мұның саясатқа қатысы жоқ», – деді ол.
Әкімнің айтуынша, қала атауын өзгертуден де басқа шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Ең алдымен, халықтың пікіріне назар аударатынын айтты.
«Қазіргі сәтте ол өзекті мәселе емес. Одан басқа да проблемалар бар. Мәселен, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту, су жүргізу, жылу жүйесін дұрыстау. Бұл мәселе мүлде айтылып жүрген жоқ дей алмаймын. Дәл қазіргі сәтте қала атауын өзгерту керек дейтіндер де, өзгертуге асықпау керек дейтіндер де бар», – деді СҚО әкімі.