Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігі жедел штабының ақпаратына сәйкес, сел тасқыны салдарынан бұрын жоғалып кеткен тағы 2 бала – Қазақстан азаматтарының денесі табылған. Қазір жергілікті биліктің көмегімен жеделдетілген режимде құжаттар ресімделіп, қажетті рәсімдер жүргізіліп жатыр, деп мәлімдеді еліміздің Сыртқы істер министрлігі.
Қазақстандық дипломаттар қаза тапқандардың туыстарына барынша көмек көрсетіп жатыр. Жақында Қазақстан Төтенше жайдайлар министрлігінің ұшағымен қаза тапқан барлық 4 баланың денесі елге жеткізіледі.
Қырғызстанның Төтенше жағдай министрлігінің алдын ала берген ақпараты бойынша, қаза тапқандардың арасында қазақстандық екі бала бар.
«Қазіргі таңда екі баланың денесі табылып, тағы екеуін іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Табиғи апат орнында қырғыз тарапының құтқару қызметтері жұмыс істеуде. Қазақстандық дипломаттар жергілікті билікпен тұрақты байланыста. Біздің Қырғызстандағы елшілігіміз қайтыс болған балалардың туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп жатыр. Бұл қайғылы оқиға ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше бақылауында», – делінген СІМ хабарламасында.