Алматы облысы Нұрғиса Тілендиев ауылында сібір жарасы көмілген жердің айналасына 400-ден астам тұрғын үй салынған. Екі мыңға жуық ауыл тұрғыны үй салып болған кезде ғана инфекция ошағына жақын орналасқанын білген. Алайда қолдарында құжаттары жоқ. Өйткені сібір жарасының көмілген жеріне жақын орналасуы санитарлық нормаларға қайшы келеді
«Құрылыс біте салысымен, жалға беру мерзімін ұзартамыз, үй салсаңыз, өз атыңызға заңдастырып аласыз деді. Заңдастыру мерзімі жақындаған кезде мал қорымының барын білдік. Әкімдіктен не істеу керектігін сұрадық, олар келісім-шартты тоқтату туралы прокуратураның қаулысы бар екенін айтты», – дейді ауыл тұрғыны Айнаш Иманғалиева.
Мал қорымдары тұрғын үйлерден небәрі 700 метр қашықтықта орналасқан, ал санитарлық талаптарға сәйкес қауіпсіз қашықтық кемінде бір шақырым болуы керек. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оларға мұндай қорымдар жақын екенін ешкім ескертпеген.
«Мен бұл жерде 11 жыл бойы тұрып жатырмын. Бұл қоршауды бірінші рет көріп тұрмын», – дейді ауыл тұрғыны Павел Бузылев.
«2012 жылы жер телімдері бірінен соң бірі жалға берілген болатын. Бұл жерде сібір жарасының ошақтары бар екенін өткен жылдың желтоқсан айының соңында білдім. Қазір санитарлық аймақта қанша үй бар екенін есептеп жатырмыз. Біздің есептеуіміз бойынша бұл 429 үй», – дейді Қараой ауылдық округі әкімінің орынбасары Тұрлыбек Анықов.