Шенеуніктер мен әскери қызметшілер бәс тігетін болса, бірден жұмыстан шығарылады. Мәжіліс бүгін екі жыл бойы талқыланған лудоманияға қарсы заң жобасын мақұлдады. Ал ұзақ талқының себебін заң авторлары үлкен лоббидің болғанымен түсіндірді.
«Заң жобасын қабылдауға ақша мен әкімшілік ресурсы бар күшті лобби топтар қарсы болды. Олар тіпті 90-жылдардағы әдістерді қолдана отырып әрекет етті. Ол нәтиже бермегесін, ақпараттық шабуылға көшіп, ақты қара етіп көрсете бастады. Жоғары лауазымды шенеуніктердің жұмыс орындарына талтаңдап кіріп, еш тайсалмай еркін жүрді. Соның нәтижесінде үкіметтің қорытындысы бойынша ұсынған нормаларымыз сол күйі қолдау таппады», – дейді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасына барынша шектеу қойылмақ. Лицензиясы жоқ шетелдік тотализаторлардың интернет-ресурстарына да тыйым салынады. Мәжіліс мақұлдаған бүгінгі заңда энергетикалық сусындарға қатысты да шектеу бар. Яғни енді 21 жасқа толмағандарға сусынның бұл түрі сатылмайды.
«Құмар ойындарға тәуелді азаматтар түні бойы ұйықтамай, құмар ойын ойнау үшін энергетикалық сусындардың негізгі тұтынушылары болып отыр. Сонымен қатар Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметі бойынша, бүгінде 200 мыңнан астам кәмелетке толмағандар үнемі құмар ойын ойнаған. Бүгінде энергетиктер алкогольден де қауіптірек болып барады. Қазір тіпті он жастағы бала да емін-еркін энергетик сатып ала алады», – дейді Елнұр Бейсенбаев.