Жетісу облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «кәмелетке толмаған қызға зорлық-зомбылық жасады» деп айыпталған 39 жастағы ер адамға сот үкімі шықты.
Сотталушы математика пәнінен сабақ берген. Оның ісі Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі және 122-бабының 2-бөлігі бойынша қаралды.
«Ж-ның әрекеті заң бойынша аса ауыр қылмыс санатына жатқызылып, оның кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен толық дәлелденген. Оқиға туралы, сот-медициналық сараптама қорытындысы және істің басқа да құжаттарына сәйкес айғақ берілген», – делінген сот хабарламасында.
Мектеп мұғалімі ҚК-тің 121-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқарғаны үшін бұл қызметте істеуге өмір бойына тыйым салу, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу және 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.