Сел ұстайтын бөгет салу кезінде 775 млн теңге қолды болған
Төтенше жағдайлар министрлігі «Ақсай» өзенінің бассейніндегі сел ұстайтын бөгет салу кезінде ақша жымқырылғанын айтты. Бұл сол бөгетті тексеру барысында анықталды. Нысан құрылысы толық бітпеген болып шықты.
Нысан құрылысы бойынша мердігердің міндеттемелерін орындамауы салдарынан 30 мыңға жуық алматылықтардың өміріне қауіп төнді. Осыған байланысты «Қазселденқорғау» басшылығының алдында тиісті материалдарды процестік шешім қабылдау үшін ҚР Қаржы мониторингі агенттігіне беру туралы мәселе көтерілді. Оның нәтижелері бойынша ҚР ҚМА қылмыстық іс қозғады және мердігер ұйымның жауапты тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын ұрлау бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі жаға ұстатарлық жағдайды жариялаған еді. Алматыда «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесімен келісімге келген мердігер ұйымның директоры бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінгені хабарланды. Аталған серіктестік «Ақсай бассейні селді ұстау бөгетінің құрылысы» жобасын жүзеге асыруға кіріскен, алайда қаржының қолды болуына байланысты құрылыс тұралап қалған.
ЖШС-нің жауапты тұлғалары бір топ тұлғаның алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Алдын ала келтірілген шығын көлемі 775 миллион теңгеден асады, деді ҚМА ресми өкілі.