Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қазақстандық әскерде дедовщина жойылғанын мәлімдеді.
— Кеңес заманындағыдай дедовщина сияқты құбылыс қазір әскерде жоқ. Мұның бір себебі — қазір бір жыл қызмет етеді. Яғни, қызметкерлер арасында үлкен айырмашылық жоқ. Кез келген ерлер ұжымындағыдай дау-дамайлар, жанжалдар бар, бірақ қызмет бойынша аға буын жастарды жарғылық талаптарды орындауға мәжбүрлейтін жүйелі құбылыс жоқ, — деді министр ОКҚ онлайн-брифингінде.
Қорғаныс министрі әскерде қауіпсіздік мәселесіне көп көңіл бөлінетінін және ол бірінші орында екенін түсіндірді.
— Биылғы жыл әскери қызметтің қауіпсіздік жылы болды. Біз әскери полиция жанынан арнайы басқарма құрдық, ол азық-түлік қауіпсіздігінен бастап, жауынгерлік оқ атулар, жауынгерлік техниканы жүргізу, парашютпен секіру және т.б. қауіпсіздігіне байланысты мәселелерді қосымша реттейді, – деп атап өтті Ермекбаев.