Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов тез дайындалатын бірқатар сорпаларды Қазақстанға әкелуге және сатуға тыйым салу туралы Қаулыға қол қойды.
«ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов «Оттоги Рамен Ко», ЛТД, 123-12, Енгсонг-Ри, Анзунг-Ып, Пенгтэк-Си, Кенги-До, Оңтүстік Кореялық тез дайындалатын кеспелерді Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және өткізуге тыйым салу туралы қаулы шығарды, —
делінген хабарламада. —
Осылайша, өнім қауіпсіздігін мониторингтеу шеңберінде комитет мамандары орамасындағы дайындаушысы «Оттоги Рамен Ко» (Оңтүстік Корея) деп көрсетілген «Джин Рамен» деп аталатын тез дайындалатын кеспеде генетикалық түрлендірілген соя желілерінің сандық құрамының (MON 89788 1,45% — 10,25%) асып түскенін анықтады, қалыпты жағдайда ол 0,9% болуы керек.
Айта кету керек, бұл өнімнің тұтынушылық қаптамасында өнімдегі гендік-модификацияланған ингредиенттердің құрамы туралы ақпарат болған жоқ. Белгіленген талаптарға, оның ішінде «Кодекс Алиментариус» Халықаралық тамақ стандарттарына сәйкес құрамында 0,9%-дан астам ГМА бар тамақ өнімдері міндетті түрде таңбалануы керек.
Бұл өнім мониторинг жүргізу барысында анықталды. Өнім Алматы қаласының сауда объектілерінен сатып алынды (…) Сауда желілерінен сәйкес келмейтін өнімді анықтау және оны сатудан алу бойынша іс-шаралар жүргізілуде.
Комитеттің аумақтық бөлімшелеріне меншік нысанына қарамастан кәсіпкерлік субъектілерін хабардар етуге тапсырмалар берілді ( … ), сондай-ақ Қазақстанның тұтыну нарығын қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына хабарламалар жіберілді».