Ақтөбе облысының Темір ауданындағы оқушы қыздардың төбелесі желіде қызу талқылануда.
Өзі қатарлас қыздың шашын жұлып, аяғынан түйреп, күш көрсеткен жеткіншек қыз жәбірленушіден кешірім сұрады.
«Ашу үстінде істеген шығармын, ашу үстінде адам не істемейді— дейді Instagram-да жарияланған роликтің кейіпкері. — Мен оның шашынан тартып сүйредім. Сол үшін кешірім сұраймын. Бәріне мен кінәлімін. Барлығына мен жауаптымын. Басқа ешкім кінәлі емес, қыздар менің жанымда жүрді.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова төбелестің негізгі себебін атады.
«20 қыркүйек күні қыздар төбелескен. Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөл ауылындағы 10 қыз бір-бірінің сөзін көтере алмаған. Олар алдымен әлеуметтік желідегі ортақ чат арқылы ұрcысқан. Балағат сөз айтқан. Негізгі себебі — осы. Кейін кездесіп, төбелескен. Төбелесті арнайы видеоға түсіріп, өздері әлеуметтік желідегі парақшаға жүктеді. Жәбірленуші қыз дене жарақатын алмаған. Оқиғадан соң лезде Темір аудандық білім бөлімі, полиция бөлімінен арнайы мониторинг тобы құрылып, зерделеу жұмысы жүргізілді», — дейді.
Айта кетейік, қазіргі кезде төбелескен қыздардың ата-анасы ортақ мәмілеге келді.
inform.kz ақпарат агенттігінің хабарлауынша осы оқиғадан соң үш мектеп директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар мен сынып жетекшілеріне тәртіптік жаза қолданылды.