Өңдеуші өнеркәсіптер өз жұмыстарын тоқтатып қойды. Карантиннен кейін барлығының бірдей жұмыстарын ары қарай жалғастыратын ақшасы болмайды.
— Мемлекет қазірдің өзінде ШОБ қолдау шараларын қабылдап жатыр. Өңдеу саласының жағдайы қалай?
—Мысал ретінде Алматыны алайық. Мұнда көптеген өнеркәсіптік кәсіпорындар бар. Карантин тәртібінде көптеген жұмыскерлерге кем дегенде 13 сәуірге дейін жұмысқа баруға болмайды. Кәсіпорындар жабық, адамдар ақысыз демалыста, немесе оларға табыс жоғалғаны үшін қандай да бір шағын өтемақы төлейді.
Қызметті тоқтатқан кез келген өндірістік кәсіпорын қызметкерлерге қандай да бір өтемақы төлей алмайды
Мүмкіндігі барлар әзірге белгілі бір қор қалыптастыру үшін жұмыс істеуде, логистика да тоқтап тұр. Азық-түліктік емес сектор жүктерді жібере алмайды. Сондай-ақ карантиндік қалаларға да сырттан шикізат немесе басқа да қосалқы заттарды алып келуге мүмкіндік жоқ. Мұның бәрі кәсіпорындардың экономикалық жағдайын айтарлықтай нашарлатады.
Аймақтарда өңдеу өнеркәсіп қызметі тоқтады немесе өндіріс көлемі қысқартылды деп ойлаймын. Бұл қисынды, себебі олардың ірі тұтынушылары – Алматы мен Нұрсұлтан қалалары карантинге жабылды. Менің ойымша, азық-түлік, сусындар, медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмек өндірушілерден басқалардың барлығында проблема бар.
— Жағдай қаншылықты қиын?
— ТЖ режимі мен карантин ары қарай ұзартылған сайын, мұндай қауіп-қатерлер арата түседі. Өндірісті тірі организм ретінде қарау керек. Зауыттардың басым көпшілігінің үлкен кредиттері бар. Төлем мерзімін кейін қалдырса да, қалдырмаса да әйтеуір бір ақша төлеу керек.
Бұл жағдайдағы ең қорқыныштысы – бизнесте де, адамдарда да ақша жоқ. Қазір көптеген кәсіпорындардың қаржылық ағыны жоқ
Барлығы аяқталған соң, банктер несие туралы еске салады. Ал оны немен төлейміз? Егер төтенше жағдай және карантин 2-3 айға созылса, қызметкерлердің жағдайы не болады? Адамдар отбасын асырауы керек, қызмет түрін ауыстыруға мәжбүр болады.
Дұрыстап ойланып көрейікші. Алматы қаласы үшін мемлекеттен бір отбасына берілетін 42 500 теңге көлеміндегі материалдық көмек неге жетеді? Әсіресе, жалдамалы пәтерлерде тұратын адамдардың қай жыртығын жамайды? Барлық жалға алушылар түсіністік танытып, жалдау ақысын кейінге қалдыратынына күмәнім бар. Яғни “жау жағадан алғанда, бөрі етектен аладының” кері болады.
Бірнеше қауымдастық бірігіп, Президентке ұжымдық үндеу жаздық. Билік барлық талаптарымызды шұғыл орындасын демейміз.
Біз тек жұмыс істемей тұрған кәсіпорындардың қызметкерлері мемлекеттен бөлінетін ақшаға өмір сүре алмайтынына мемлекет назарын аудартқымыз келеді
Бизнестің қызметкерлеріне мұндай жағдай жасай алмайды. Басқаша болған жағдайда, кадрлардан айырылып қаламыз, ал ұжымсыз кез келген кәсіпорын жұмыс істей алмайды. Бұл шаралардың барлығын қазір қолға алу керек.
— Мемлекет жариялаған шаралардың тобының қайсысын шынымен де жүзеге асыруға болады?
— Президент өзінің соңғы үндеуінде көбірек жапа шеккен салалар ретінде ресторандарды, қонақүйлерді, туризм мен ойын-сауық бизнесін атап өтті. Оларға қатысты қолданылатын шаралар тобы шынымен де бар. Олар төлейтін салыққа жеңілдіктер берілді, бұл әрине жақсы.
Бірақ кейінге қалдырылған салықты бәрібір төлеуің керек емес пе? Егер бүкіл ел көлемінде жұмыс тоқтап тұрса, қандай ақшадан оны төлейміз?
Тек азық-түлік, сауда, фармацевтика секторы ғана пайда тауып отыр. Болды. Мен саудаға қойылған шектеулерді ескере келе, олар көп табыс табады деп ойлаймын. Мен пессимист емеспін, бірақ белгілі бір проблемалар шешілмесе, жағдайдың ауыр болатынын білемін.
Сондай-ақ біз бизнесті бес жылға салықтан босатуды өтіндік. Бірақ бізге сендер тым басынып кеттіңдер деді. Ал енді өнеркәсіптік секторға бөлінетін мемлекеттік қолдау көлемін көрейік. 2018 жылдың қазан айында «Қарапайым заттар экономикасына» 600 млрд теңге бөлінді. Содан кейін қосымша 400 млрд бөлді. Көп ұзамай, ойларынан айнып, оның 700 млрд соммасын агроөнеркәсіптік секторға беретін болды. Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздік туралы ойлағаны әрине жақсы. Бірақ өңдеу саласына тек 300 млрд қаржы ғана қалды.
2020 жылғы 20 наурыздағы жағдай бойынша 2018 жылы бөлінген 600 миллиардтың тек 82 млрд теңгесіне ғана кредит бойынша мөлшерлемені субсидиялауға келісімшарттар жасалды.
Қалған ақша кәсіпорындарға дейін жеткен жоқ. Олардың көбінің кепілге қоятын мүлкі болмағандықтан кредит ала алмады
Ал егер осындай кредиттердің орнына бес жылға кәсіпорындарды салықтан босатса нарық қатысушыларының арасында олар қол жеткізе алмаған субсидияларды тең бөлумен бірдей болар еді. Ал бес жылдан кейін аяғына тұра алмағандар жұмыстарын тоқтатады, ал басқалары алға қарай дамиды.
Егер біреулер өндірушілер бөлінген ақшаны қалталарына толтырып, демалысқа жинап жатыр деп ойласа, қателеседі. Бизнес кредиттен көз ашпай отыр. Егер салық жүктемесін жеңілдететін болсақ, ол тезірек кредитін өтеп, ары қарай ісін дамытуға мүмкіндік алады.