Осыдан бірнеше күн бұрын ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов қазақстандық әйелдер күйеулерінің рұқсатынсыз аборт жасатпауы керек деген мәлімдеме жасады.
«Баланы медициналық жолмен алдырып тастау ұлттық қауіпсіздіктің деңгейіндегі мәселе», – дейді Маггерам Магеррамов. Қазір Мәжілісте халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс қаралып жатыр.
«Мен мынадай ұсыныс жасадым. Мемлекеттік орган тіркеген заңды некеде тұрған әйел түсік жасату мәселесін жолдасымен ақылдаса отырып жасату дегенді ұсындым. Себебі, неке және отбасы туралы заңда неке куәлігін алғаннан кейін ер мен әйел тең құқық пен жауапкершілікке ие болады делінген. Онда барлық мәселе ортақ шешілу керек деп жазылған. Яғни денсаулық кодексіндегі заңдар неке туралы заңға қайшы келіп тұр ғой», – деді ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов.
Депутат Маггерамов бала көтеру әйелдің денсаулығына кері әсер ететін болса, онда түсік жасатуы керек дегенімен келісетінін жеткізді. Сондай-ақ, жолдасынан рұқсат алу — отбасылы азаматтарға ғана қатысты екенін атап өтті.
Телеарна мәліметінше, қазіргі таңда қолданыстағы “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі” туралы кодексте жүктілікті жасанды түрде үзу бабында ер-азаматтардың құқығы туралы ештеңе жазылмаған.
Ал халық бұл мәселеде әйелдің де, күйеудің де пікірі ескерілуі тиіс деп есептейді.
«Олай немқұрайлы қарамау керек те. Жан жақты ақылдасып бір шешімге келу керек. Немқұрайлы бір өзі ондай жауапкершілік алмауы тиіс», «Бұл мәселені әйел адам ғана емес, ер кісі де шешу керек деп ойлаймын», «Күйеуімен қай жағдай болмасын ақылдасуы керек қой. Ондай шешімді бір өзі қабылдауына болмайды», – деп қарапайым тұрғындар пікір білдірген.
Қоғам белсендісі Айша Құрманғалиқызы әйелдер абортты еріккеннен емес, ертеңгі күніне жауапкершілікпен қарағандықтан жасататынын айтқан.
«Ертеңінен шошиды. Баланың тағдыры не болады деп. Сондықтан олар бойына біткен баланы ертеңін ойлап, өзінің ертеңін ойлап құтылуыды ойлайтын ата-аналар бар. Ертеңіне сенім жоқ. Өзі табыс таппайтын, үнемі соққыға жығатын, зорлық-зомбылық көрсететін жұбайымен ол қалай ақылдасады?», – деді қоғам белсендісі Айша Құрманғалиқызы.
Айта кету керек, Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, жылына елімізде кем дегенде 30 мың аборт жасалады.