Нұр-Сұлтан
Қазір
-6
Ертең
-6
USD
524
+0.41
EUR
550
-0.35
RUB
5.01
+0.08

Жол бойындағы дәретханалардың тазалығына кім жауапты болады

343

1 реттен 5 ретке дейін

Бұл туралы «QazAvtoJol» ұлттық компаниясының стратегиялық жоспарлау, бизнесті дамыту және ақпараттандыру департаментінің директоры Рустам Исаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, еп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикалық жолдардың бойында 880 жабдықталмаған дәретхана бар. Оның 469-ы ешқандай дәмхана мен қонақйүге бекітілмеген. Мұндай дәретханаларды тазалау «QazAvtoJol» ЖШС-нің мердігер ұйымдарына жүктелген.

Дәретханалар өзі орналасқан жолдың көлік ағынына байланысты аптасына бір реттен 5 ретке дейін тазаланып отыруы тиіс»,

— дейді ұлттық компания өкілі.

Рустам Исаев жол бойындағы дәретханалар туралы ақпарат беретін мобильдік қосымша дайындалып жатқанын айтады.

«Жол бойындағы сервис нүктелері туралы мобильді қосымша іске қосылатын болады. Ұялы телефонға жүктеу арқылы баратын жолыңыздың қай бөлігінде жабдықталған дәретхана бар екенін, ұлттық стандартқа сай қанша дәмхана бар екенін білуге болады. Осы қосымшаға жол бойындағы сервиске қатысты келеңсіздіктер мен сын-ескертулерді де қалдыруға болады. Бұл ақпараттар жинақталып, одан нәтиже шығарылатын болады», – дейді ол.

Жол бойында таза әрі жайлы дәретханасы жоқ сервистер сүрілуі мүмкін

Сонымен қатар, Республикалық маңыздағы жолдардың бойында жабдықталған дәретханасы жоқ сервис нысандарының жұмысына тыйым салынуы мүмкін. Автомобиль жолдары туралы заңға осындай өзгеріс енгізу ұсынылған.

«Соңғы екі жылда ұлттық стандартқа сәйкес келетін жол бойындағы сервис нысандарының саны 33 пайыздан 47 пайызға өсті. Бүгінде республикалық және халықаралық жолдар бойында 1819 сервис нысаны қызмет етеді. Соның тек 850-інде ғана жабдықталған жайлы дәретхана бар. 2018 жылы 12 павильон қойылған болатын. «ҚазАвтожол» бақылауына қарайтын жолдарда 23 жабдықталған дәретхана, 880 жылытылмайтын дәретхана бар. Оның 411-і демалыс базаларының аумағында, 469-ы негізгі жол бойында тұр», – дейді ұлттық компания өкілі.

Рустам Исаевтың айтуына қарағанда, жол бойындағы сервистің сапасын реттейтін ұлттық стандартта дәретханаға қатысты нақты талаптардың болмауы сервис нысандарын босаңсытып отыр.

«Қолданыстағы талаптар жол бойында салқын дәретханалар қоюды шектемейді. Ұлттық стандартта міндетті талап болмағандықтан, сервис орталықтары жабдықталған жайлы дәретхана орнатпайды. Автомобиль жолдары туралы заңға өзгерістер енгізілмек. Заң жобасы қазір талқыланып жатыр.

Сервис иелері абаттанған дәретхана орнатпаса, оларды жол бойында кәсіп ашуға жібермеу туралы ұсыныстар түсті»,

— дейді департамент директоры.

Жол бойындағы үздік дәретханаға конкурс жарияланады

«QazAvtoJol» компаниясы өз тарапынан демалыс алаңдары мен аялдамалардағы дәретхана мәселесін шешу үшін инвестициялық конкурс жариялап отыр.

«Үшінші тоқсанда екі кезеңдік конкурс басталады. Бірінші кезеңде инвесторлар жайлы дәретхананың өз нұсқасын ұсынады. Екінші кезеңде үздік жоба сапасымен бірге күтіп-ұстау шығындарына қарай іріктеледі. Дәретхананы жылыту үшін «жасыл технология» қолдануына да болады. Бұл тұрғыда ешқандай шектеу жоқ.

Тіпті жалғыз дәретханамен шектелмей, жанынан сервис орталығын орнатуына да болады.

Ең бастысы, күтім шығындары қызмет сапасына сай болуы керек», – дейді Рустам Исаев.

Ұлттық компанияның басқарма төрағасы Ұлан Әліповтың мәліметіне сүйенсек, конкурста жобасы үздік деп танылған мердігер 7 жыл бойы жолаушыларға қызмет көрсетеді.

«Мердігерлер қазірдің өзінде қызығушылық танытып отыр. Олар өз ақшасына заман талабына сай дәретхана орнатуы керек. Соны жеті жыл бойы өздері күтіп ұстайды. Ал біздің компания күтіп ұстаған шығыны үшін ақы төлейді. Алдын ала есеп бойынша,

ондай шығынның көлемі бір дәретханаға айына 500 мың теңге болуы мүмкін»,

— дейді ол.

Жалпы, 2021 жылға дейін республикалық маңыздағы жолдардың бойынан 304 жайлы дәретхана орнату жоспарланған екен.

«2019-2021 жылдарға деп республикалық жолдардың бойында 304 санитарлық торап орны бекітілген. Оның ішінде 109 орын жаңадан салынып жатқан жолдардың бойынан белгіленді. Қолданыстағы жолдар бойында 195 орын анықталып отыр. Оның бәрін инвесторлар жеке қаражатына орнатуы керек. Жыл басынан бері осы талаптардың барлығын сақтаған 20 сервис нысаны салынды. Жыл соңына дейін олардың қатарын тағы 25 нысан толықтырады», – дейді департамент директоры Рустам Исаев.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз