Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктердің басты осалдығын атады.
Сұхбатында Президент әкімдердің есеп беру форматының ескіргені, баяндамаларының жадағай цифрларға құрылатыны халықты шын мәнінде жалықтырғанын және жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіретінін айтты.
“Байқасаңыздар, біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. “Әкім бол – халқыңа жақын бол” деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс. Ал біздің шенеуніктер халықпен кабинетінің немесе қызметтік көлігінің терезесінен ғана араласқанды қош көретіндей. Әкімдерді жинаған кеңесте мен бұл әдетті тыюды қатаң ескерттім”, – деді Тоқаев.
Сондай-ақ, ол халықтың сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешуге ұмтылыс жасау маңызды екенін айтты. Бұл үшін әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу, жүргізіліп отырған саясатты жеріне жеткізе түсіндіру де өте қажет нәрсе.
“Халыққа ашық қызмет көрсетуге қажетті барлық коммуникациялық құралдарды пайдалана білген жөн. Сонымен бірге, кері байланыс орнатудың пайдасы зор. Өкінішке қарай, халықпен төте байланыс барлық жерде бірдей емес, байланыс орталықтары еліміздегі 17 әкімдіктің тек төртеуінде, ал мобильді халықтық бақылау 7 өңірде ғана бар. Мұндай жағдайда атқарушы билік елдің мұң-мұқтажына дер кезінде жауап қата алмайды. Осы уақытқа дейінгі оңтайлы реформалардың бәрі жергілікті жерлерге келіп тіреледі. Егер халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын болса, әкімдіктер көптеген өзекті мәселені тиісті деңгейде тез шеше алады. Бұл азаматтардың билік институтына деген сенімін арттырады”, – деген ол өңір әкімдерінің халықпен есептік кездесулерде ғана емес, тұрақты негізде кездесіп, барлық елдімекенді аралауға тиіс екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, әрбір шенеунік жүргізіліп жатқан реформалардың, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың мән-мақсатын халыққа нақты әрі ұғынықты жеткізе білуі тиіс.
Ел басшысының айтуынша, шенеуніктердің бір осалдығы – халықпен қалай сөйлесу қажеттігін білмеуі. Сондықтан Мемлекеттік басқару академиясының базасында арнаулы курстар ашып, оларға халықпен белсенді қарым-қатынас жасайтын шенеуніктерді оқытуды тапсырған.
“Әкімдерге халықпен қарым-қатынастың жаңа форматына көшуді, ашық және шұғыл әрекет етуді тапсырдым. Бұл аудандардан бастап облысқа дейінгі барлық деңгейдегі әкімдерге қатысты. Олардың халықпен тікелей қарым-қатынаста болуы, жағдайды толыққанды білуі, мәселені жедел шешуі – басты міндет”, – деді ол.