Қытайлық инвестор Қостанайдағы коммерциялық техника құрастыратын кәсіпорынның 51% акциясын иеленді, дейді kolesa.kz.
Нәтижесінде Қостанайдағы зауыт JAC, Ankai, Howo және Hanteng автокөліктерін құрастыратын болады.
Бірлескен кәсіпорынның 2019-2021 жылдарға арналған стратегиясы бойынша, аталған саладағы өндіріс көлемін 100 000 автокөлікке дейін және локализация деңгейін 50 %-ке дейін арттыру көзделіп отыр.
Соңғы мақсат үшін Қазақстан мен ЕЭО аумағындағы жинақтаушы бөлшектерді жеткізушілерді таңдап, сапалы қызмет көрсетуді қолға алу жоспарлануда.
ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің айтуынша, бұл стратегиялық жоба саланың даму қарқынын және сыртқы нарыққа шығу үшін қажетті экспорттық әлеуетті арттырады.
СМС (China National Machinery IMP. & EXP. CORP.) тауар айналымының жылдық мөлшері 31 млрд АҚШ долларына тең Genertec Қытай мемлекеттік когломератының құрамына кіреді. Қазақстандағы бірлескен кәсіпорынға салынатын инвестиция сомасы шамамен 1.1 млрд долларды құрайды.
Қазіргі таңда Қостанайдағы машинажасау кластерінде 1 500 адам еңбек етуде. Мұнда Hyundai автокөліктерінің Қазақстанда ұсынылған барлық үлгілері, Chevrolet Niva, Peugeot көліктері, Iveco және JAC маркалы автобустар мен жүк көліктері құрастырылады.