Көпшілік барар жеріне жалдамалы таксимен жедел жетуге үйренген. Енді елімізде қаладан-қалаға әп-сәтте жетудің де амалы табылды. Көпшілік пойызға билет алып әуре-сарсаңға түспей, тіұшақты немесе ұшақты жалға ала алады.
Өз қызметін 2014 жылы бастаған азаматтар Алматыны тікұшақпен 30 минутқа аралаудың құны 77 мың теңге екенін айтты.
“Астана бойынша қала ішінде ұшу құны адам басына 55 мың теңге. Бір топта жеті адам болады. 20 минуттың ішінде Астананың көрікті жерлері саналатын 40 шақты нысанды биіктен тамашалатып үлгереміз.
Ал Алматы бойынша 30 минуттық саяхат құны – 77 мың теңге. Мұнда адам саны бесеуден аспайды. Ал қала және мемлекетаралық ұшу бағасы ара қашықтыққа, сағатына, жолаушылар санына байланысты белгіленеді”, – дейді аталмыш компанияның директоры Қайсар Шыныбаев.
Сондай-ақ әуе таксиінің директоры мұндай тапсырысты кімдерден қабылдайтынын да жасырмай айтып берген.
“Тапсырыс берушілердің қатарында түрлі бизнес өкілдері, жұлдыздар, инвесторлар мен әртүрлі делегациялар да бар. Сондай-ақ, отбасылық айтулы күндерге байланысты романтикалық тосынсыйлар мен тұрмысқа шығу туралы ұсыныстар ұйымдастыру мақсатында да тапсырыстар түсіп жатады”, – деді Қайсар Шыныбаев.