Маңғыстау облысының басшысы Ералы Тоғжанов өзінің туған бауырының әкім орынбасары боп тағайындалуына қатысты журналистер қойған сұраққа жауап берді.
„Сіздің орынбасарларыңыз парамен ұсталып жатыр бірінен соң бірі. Ініңіз де Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары боп тағайындалды. Бұған Сіздің қатысыңыз бар ма„ деп өңірдегі бір тілші облыс басшысына төтесінен сұрақ қойыпты. Бұл туралы Лада басылымы жазды.
– Біріншіден, менің орынбасарларымның бәрі орнында, бәрі жұмыс істеп жатыр. Аманғалиевтің жайы бөлек. Оған қатысты осыған дейін айтқанмын. Ал екінші сауалыңызға келсек, інімнің қызметіндегі өзгеріске менің еш қатысым жоқ, – деді ол.
Бірақ бұл жауап журналистер қауымының көңілін көншітпеді. Содан олар басқалай сұрақ қойып, қулыққа көшті.
„Осыған дейін ініңіз кәсіподақтардың төңірегінде жүретін. Енді әкімдіктен бір-ақ шығыпты. Жалпы, ініңіздің қазіргі қызметіне көңіліңіз тола ма?„ деген тағы бір сұрақ қойылды әкімге.
– Інімнің қызметтегі жетістіктері үшін мен қуаныштымын. Ол бұған дейін аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасары боп жұмыс істеген. Оны тағайындаған Ақтөбе облысының әкімі. Сондықтан бұл сауалды сол кісіге қойыңыздар,
– деп салды Ералы Тоғжанов.
Айта кетелік, осыған дейін Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Серік Аманғалиев әуежайда 115 мың евро көлемінде пара алып жатқан кезінде ұсталды деп ақпара тараған. Тергеушілердің айтуынша, шенеунікке параны чех кәсіпкері берген. Мұз сарайы құрылысын салу үшін.