Желі қолданушысы Сараш Қоңырбаеваның жазбасы бүгінгі өмірдің ащы шындығын суреттегендей екен. Ол былай дейді:
Жазуға да қиын…
…Таксист шаршаңқы көрінді. Телефонмен сөйлескенімді естіп, қандай мамандықтарға сабақ бересіз? – деп сұрап, өзінің де педагогикалық оқу орнын бітіргенін айтты. Худграфты бітіріпті. Тамаша мамандығың бар екен ғой, бұл шаруаң қалай дедім. Живописьші де едім, тіршілік үшін ағашпен айналыстым. Сұраныс аз болған соң, құр аренда төлеп отыра берген қиын ғой деді.
Бірінші әйелімен бала болмағандықтан, салған 2-этаж үйін сол әйеліне қалдырып, ажырасыпты. Кейінгі әйелінен екі қыз бала бар екен. 75 мың пәтерге, 25 мың балабақшаға төлеген соң, бір өзінің табысы не болсын?!
Осы жетпейтін тіршілікке әйелі ренжіп, ажырасқанына 3 ай болыпты. “Балаларымды қимаймын, солар үшін қайта қосылайық десем, әйелім көнбейді. Бірақ, жетісіп жүрген жоқ” – дейді.
Сөзі түзу, тым жақсы азамат. Жасы 45-те екен. Қолынан түрлі өнер келеді. Ішпейтін, шекпейтін жақсы қасиеті де бар екен. Бір сәтсіздік айналдырып жүрген сияқты.
Тыңдап отырып, жартымды ақыл бере алмай, қиналғаным-ай… Біреулер көмектессе ғой деймін де…
Бірнәрсе бітірердей телефонын сұрап алғанымды қайтейін?! Біздің елде қазақ қана қиналып өмір сүріп жатқан сияқты…