Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев елшіліктердің Қазақстанға инвестиция тарту жұмысын бақылауда ұстауды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сағынтаев Қазақстанның басқа мемлекеттердегі елшіліктерінің негізгі жұмысы елге инвестиция тарту екенін атап өтті.
“Елбасы елшіліктердің жұмысына зор мән береді. Олардың негізгі қызметі елге инвестиция тарту екенін білесіздер.
Қай елден, қай елшіліктің көмегімен қанша инвестиция келді, соны анықтайық. Әйтпесе, біз инвестиция көлемін жалпы көрсетеміз. Ал оның ішінде, мүмкін, белгілі бір елшіліктер ғана жұмыс істеп жатқан шығар.
Басқа елдерден қызығушылық бар, бірақ жұмыс жүрмей жатқан шығар. Сондықтан Қайрат Құдайбергенұлы, біз мұны қарайық. Жұмыс болмай жатса, күшімізді салып, көмектесейік”, — деді премьер үкімет отырысында.
Сондай-ақ ол түрлі инвестициялық форумдар мен іскерлік кеңестерде бекітілетін меморандумдарға талдау жасауды тапсырды.
“Қазір әр облыста инвестфорумдар өтеді, бұл жақсы, әрине. Әр өңірдің мүмкіндіктерін көрсету керек.
Дегенмен сол жиындарда қол қойылатын меморандумдар немен аяқталды? Іске асырылып жатыр ма? Міне осы мәселелерге баса назар аудару керек”, — деді Сағынтаев.