Дінді мойындап, дәстүрді шетке ысыратын үлкен топ бар біздің елде. Қазақтың таным-түсінігі олар үшін жат. Бұл бөлініс өнер адамдарын да екіге жарған түрі бар.
Танымал журналист Есей Жеңісұлы “Туған жерім тамаша” атты әннің мәтінінен әуелдегі аруақ сөзін алып тастап, өзім білемге салып орындаған “Меломен” тобына қайран қалыпты.
Екі балам және мен. Күнде әр өңірден адамдар хабарласып, Алтынбек Қоразбаевтың “Туған жерім тамаша” әніне тапсырыс береді. Күнде.
Осы біздің қазақ жазира жерімен қазақ қой, иә, шынында да!
Күнде осы әнді Алма Аманжолованың орындауында тыңдайды дүйім жұрт. Құдайдың құтты күні.
Бүгін де тыңдадық.
“Меломен” тобының орындауында.
Соңғы шумағына келгенде… қақалып қала жаздадым.
Абырой болғанда, көше қиылысында бұрылмақ болып, онсыз да аяғым тежеуіште тұр еді, одан әрі шиқылдата басыппын.
Алма әпке айтады: “Абай, Жамбыл, Махамбет, Құрманғазы, Аруағы қолдасын бәрімізді”, – дейді.
“Меломен” бүгін: “Абай, Жамбыл, Махамбет, Құрманғазы, Өнерімен баураған бәрімізді”, – деді.
Пәлі!..
Біздің Қазақстанда екі тілділер ғана екі әлемде өмір сүріп жатқан жоқ, аз қазақтың өзі бірнеше әлемде өмір сүріп жатыр.
Аман болыңдаршы!..
Қатты түзеткісі келіп бара жатса, сол өлеңдегі “Асыл текті Алатау” деген тіркесті өзгерте салмай ма? Тау қашан асыл текті болып еді?
“Арқасында” деген сөздің қазір жаны барға да, жоққа да қолданыла беретіні сияқты бірдеңе. “Ағамның арқасында”, “осы формуланың арқасында”…” деген екен Есей Жеңісұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.