“Хабиб, Хабиб!” деп оны қорғаштап жатырмыз. Бізге оның қандай қатысы бар? Мұсылман дегеніңіз болмаса.
“Бұл – спорт, ол – мықты спортшы” дерсіз. Жалпы қазақтың тәрбиесіне жақын спорт емес. Жығылып жатқанды тепкілеу, буындыру, төбесінен балтамен ұрғандай төпелеу де бізге жат.
“Итжығыс” деп жығылғанды орнынан тұрғызып жіберіп жекпе-жекке шығаратын халықпыз. Мейлі, қойшы. Бұл спорттың түрін біз шығарған жоқпыз, біз өзгерте алмаспыз.
Жақында тағы да қолына қылыш, беліне шоқпар байлап шықты. Сөзіміз құрғақ болмас үшін тамызда қазақстанда өткен әлем чемпионатына қайта оралайық.
Сол ірі жарыста Абдиманап өз шәкірті Тагир Уланбеков пен біздің жерлесіміз Жалғас Жұмағұлов арасындағы жекпе-жекті әлі әңгіме етіп келеді.
Төрешілер бұл жолы жеңісті жерлесімізге берген еді.
“Жоқ, қайдағы бір қазақ қалай жеңеді? Жеңіс Тагирдікі еді. Мен сотқа беремін” деп отыр. Бұл жекпе-жекті көрмегендіктен ештеңе айта алмаймын.
Хабибтің соңғы жекпе-жектегі “қылығынан” кейін ойланып отырғаным. Спортта жеңіс те, жеңіліс те болады.
Бірақ соның артынан шам алып шабатын, шабалатындар өте аз.
Ал мына әкелі-баланың тірлігіне қарап отырып, ешқашан “жеңілуге тиіс емес” адамды көргендей боламыз. Мұхаммед Әли де жеңілген.
Әлиден бір де кем емес ұлы боксшылар Фрезер де, Форман да жеңілген. Бірақ әзірге Хабиб те, оның әкесі Абдиманап та джентельмен, біздіңше нағыз жігіт, болмай тұр. Ал біз “Хабиб, Хабиб!” дейміз…
Дурәлі Дүйсебай
Фейсбуктегі парақшасынан