Түркістан облысында Шардараға қарасты Достық ауылында дихандарға қарулы шабуыл жасалды.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Қауын сатушылар мен алушылар арасында делдалдық ететін екі жігіт клиент үшін ерегісіп, артынша төбелеседі. Соққыға жығылғаны қашып кетіп, бір сағаттан соң 5 машина толы тобырын ертіп келіпті. Келе салысымен жиылып тұрған бір топ адамға бірнеше қарудан оқ жаудырған. Жаңбырша жауған оқтан екі жігіт жарақат алса, 22 жастағы Бердіқожа Ұлықбаев сол жерде жантәсілім етті.
“Айуанды атқандай қырып тастады ғой. Мен оларды кешіре алмаймын ешқашанда. Өз жүрегім жұлынып кетті ғой. Ойбай-ай”, деді ол.
22 жастағы ұлы Бердіқожа қыркүйектің 20-сы күні өз ауылындағы мектепке мұғалім болып орналасам деп күтіп жүрген екен. Оған дейін қарап жүрмейін деп, ауыл шетіндегі егістікке жүк артушы ретінде жалдануға барыпты. Қаңғыған оқ жігіттің бүйрегі, жүрек тұсы мен бетіне тиген. Марқұмның туыстары жергілікті сотқарлар туралы біліп отырып, әрекет етпеген полицейлерге өкпелі.
“Төлеген деген бала осы ауылдың жігіті. Бұрын отырып келген дейді түрмеде. Алдын-ала дайындалған. Болмаса 1 сағат ішінде 5 машинамен қарулы жігіттер қалай келе қалады?”, деді марқұмның атасы.
Сұмдық болатын күні төбелестен кейін жарақат алған жігітке көмектесу үшін жергілікті амбулаторияның ақхалаттылары жеткен екен. Үрейлі жағдай үш дәрігердің көзінше болған. 10 минутқа созылған атыс жылға жеткендей болды дейді қорқып қалған олар.
https://kaz.365info.kz/atyrau-tyrgynyn-ozinin-ajeli-men-baldyzy-oltirgen-boluy-mymkin-331201
“Таңып жатқан баламыз орнынан тұрып, келді-келді деп жүгіріп соларға қарай кетті. Сонымен біз артынан саған тұруға болмайды, қансырап жатырсың деп артынан бара жатқанымыз сол еді аржақтан бізге қарай оқ атылды. Бәріміз басымызды сауғалап, тығылатын жер іздеп қаштық сол жерде”, деді дәрігер.
Куәгерлердің сөзінше, қарулы шабуыл кезінде оқ атқан тараптан оншақты жігіт болған. Әзірге ұсталғаны екеу ғана. Соның бірі жергілікті әскери комисариаттың қызметкері екен. Алайда, полицейлер қару туралы да, күдіктілер туралы да тіс жарар емес. Осыдан сезіктенген марқұмның туыстары кінәлілер жазасыз қала ма деп қорқады.