Данияр Елеусінов пен Габор Горбич арасындағы жекпе-жек алдағы демалыс күндері тамыздың 4-нен 5-не қараған түні өтеді.
Бұл туралы Baq.kz хабарлады.
Бұл жұдырықтасуды «Хабар» телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді.
Айта кетейік, бұл Данияр Елеусіновтің кәсіби рингтегі үшінші кездесуі.
Жекпе-жек Кардифф қаласында (Уэльс) «Ice Arena Cardiff» стадионында өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, Данияр Елеусіновтің кәсіби алаңдағы алғашқы кездесуі 28 сәуір күні Нью-Йоркте өтті. Кеш барысында ол қарсыласы америкалық Ноа Кидті үшінші раундта нокаутқа жіберген еді. Соңғы рет Елеусінов 6 маусым күні Лондондағы «Йорк» залында венгрлік Золтан Шабомен қолғап түйістіріп, төрешілердің бірауыздан берген шешімімен жеңімпаз атанды.
Ал, Габор Горбич кәсіби бокстағы мансабын 2012 жылы бастады. Қазіргі таңда ол BoxRec рейтингінде бірінші орта салмақта 465 орында. Сондай-ақ, ол әлемнің үздік кикбоксшылар рейтингінде жартылай орта салмақта 21 орында тұр.