Астананың 20 жылдығына арналған дуатлон кезінде үш велосипедшіні қағып кеткен көлік иесіне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Ал оңбай құлаған велошабандоздар бүгінде балдаққа таңылған.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
“Құлағанда үш рет аунап, басымнан жарақат алдым. Құдайға шүкір, каскам болды. Бірақ соған қарамастан есімді жия алмай жатырмын. Оқиға қалай болғанын, құлаған сәттерім есімде жоқ”, деді Ербол Елемесов.
Соның ішінде, Достық көшесімен сағатына 39 шақырым жылдамдықпен заулап келе жатқан үш әуесқой спортшы Сауран көшесімен қиылыстан өте бергенде «Дэу Нексиа» оларды қағып түсіреді. Ербол Елемесов апатқа ұшыраған үшеудің ортасында келе жатқан. Ал соңынан келіп, қаңбақша ұшып түскен Мағжан Жұмабаевтың жағдайы бұдан да нашарлау. Көлік бампері бірінші велошабандозға да тиген. Бірақ, ол аман-сау. Полицияның мәліметінше, «Дэу Нексианың» жүргізушісі жол полициясының ескертуіне құлақ аспаған. Сондай-ақ, ескертуді елемеген тағы бір жүргізуші бар.
«Тойота камри» автокөлігінің де жүргізушісіне қатысты әкімшілік жаза қолданылып, тексеріс барысында анықталғандай, Екі бап бойынша әкімшілік өндірістік іс қозғалып, жазаға тартылған. Екі бапта да 5 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған”, деді Астана қаласы ІІД баспасөз хатшысы.