Қазақ тәуелсіздігін алса да көз астынан қарап, кібіртіктеп, жан-жақтағыларының көңіліне қарап, бәрібір кеудесін кере тыныстай алмай келген. Бізде құқық тапталса, ең бірінші, қазақтың құқығы тапталды, қазақ тілінің аяғы шалынды, қазақтың тарихы нақты бағасын алмады.
Бірақ, бір жақсысы, санымыз толып, демографиямыз жаңғырғанға дейін ғана екен бұл…
Иә, санымыз өсіп, басымыз көбейген соң ұлттық бағытта көгенделіп тұрған көптеген жобаның жібі шешілді. Қазақтың ұлттық санасын сілкінтетін жаңалықтар бүгіндері кезек-кезегімен сүйіншілеуде. Соның бірі қазақ халқының зор қолдауына ие – латын қарпіне көшу болса, енді тағы бірі – Түркістанның облыс орталығы болуы.
Саясаттанушы Ерлан Қарин Түркістан облысының пайда болуы – барша қазақ үшін тарихи-сана сезімді жаңғыртатын жаңа белес деп атады. Бұл рас, енді…
Кеше ғана тайлы-тұяғы қалмай атылып кеткен қазақтың ақсүйек зиялылары жатқан жерінен бір аунаған күн бұл өйткені.
Олар қазақтың мемлекеттігі үшін күресіп, Түркістан автономиясын құруда осы мекенді баршамызға орда қып аманат етіп кеткен еді ғой. Алашорда мүшелеріне қатысты толыққанды зерттеу жүргізіліп, тарихи әділеттілік орнамаса да оларды бір жерге тұтастырған арман мекен – Түркістан атауының орталық ретінде қайтадан түлеуі қазақтың азат санасының жаңғыруы емей немене?..
Мұстафа Шоқай бабамыз: „Бәріміздің құбыламыз – Түркістан болмақ„ деген еді. Иә, қазақ жұрты құбыласын тапқанмен бірдей боп жатыр қазір.
Мағжан Жұмабаев атамыз:
Түркістан — екі дүние есігі ғой,
Түркістан— ер түріктің бесігі ғой .
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой, – деп жырлады. Иә, қазақ жұрты жоғалтып алған несібесін тауып алғандай боп жатыр қазір.
Әрине, мұндайда көзіңізге жас келеді. Қуаныштың, әділдеттіліктің жасы ғой бұл. Қазақтың ақиық ақыны Төлеген Айбергеновтың қызы Салтанатты да бұл жаңалық қатты толқытыпты. Түркістан қаласының облыс орталығы болуы құрметіне әншашу ретінде ол желідегі парақшасына әкесінің мына бір өлеңін жариялады:
…Бір кезде қанды соғыстан,
Қаралы болған Түркістан.
Садақтан самсап оқ ұшқан,
Жаралы болған Түркістан.
Миы аққан жердің қуырылған,
Танабы болған Түркістан.
Тұяқтан шаңның суырылған,
Алаңы болған Түркістан.
https://kaz.365info.kz/t-rkistan-sha-ary-t-rki-lemini-m-deni-astanasy-bolyp-zhariyalandy-239923
Сен үшін бабам жұлқысқан,
Сен үшін бабам алысқан.
Аяулым менің Түркістан,
Алқынып жеткен алыстан.
Бақыттың бәрін гүл құшқан,
Ошағы болдың маздаған
Кешегі нәзік Түркістан,
Үзіле кете жаздаған.
Көгінен құстың бұлты ұшқан,
Көл болдың салған қаздар ән.
Кешегі сағам – Түркістан,
Сарқылып қала жаздаған…
Сен тартқан салмақ көп, білсем,
Жүк бар ма сенің жүгіңдей.
Әйтеуір келіп жеттің сен,
Бүгінге белің бүгілмей.
Сан күйдің бүгін толысқан
Шанағы болған Түркістан
Жолдарың сансыз толысқан
Торабы болған Түркістан.
Жасампаз от ап жаныңнан,
Жарқылдап кетіп барамын.
Жосылған сенің жоныңнан,
Бір соқпақ болсам жарадым.
https://kaz.365info.kz/t-rkistanda-toza-bar-ma-resmi-organ-zho-dejdi-235860
Саясаттанушы Ерлан Сайыров қазақ үшін бұл қуаныш өз жалғастығын тапса екен деп тілек білдіріп,
Түркістанның артынан Семей, Ұлытау да облыс орталықтарына қайта айналып, еліміз дамып, көркейе түссе дейді.
Жақсы сөз, жарым ырыс. Бұл күн де туар бізге бір күні…