Нұр-Сұлтан
Қазір
-5
Ертең
-10
USD
523
-2.03
EUR
549
-1.55
RUB
5.07
-0.02

“Назарбаевқа былай жаздым…”. Абақтыдан шыққан Анар Мешімбаева бәрін айтты

190

“Түрме? Мүлде бөлек әлем бұл. Өз тәртібі бар. Жабық әлем. Интернетте де, телефон да жоқ. Сұр қабырғаға қарап көзің талады. Дүниенің бәрі сұрғылт. Сүреңсіз. Алғаш абдырап қаласың. 

Бес жыл? Бес жыл көп. Өте көп. Бірақ, мұнда ондаған жылдар бойы отырғандар бар. Туған-туысқандары ұмытқан оларды. Бес жыл бойы абақтыға отырғаннан ба, босап шыққасын әдепкі өмірге сіңісе алмадым. Мен сондай күйге түстім, ал жиырма жыл бойы жарық дүниені көрмей қараңғы қапаста отырғандар қандай күйде болады? 

Түрмеден шыға сала пицца, балмұздақ жегім келді. Кофе ішуді армандадым. 

https://kaz.365info.kz/nazarbaevtan-oza-almajsyn-karimov-mirziyaevkha-ne-dep-ketken-319211

“Адам үш күнде көрге де үйренеді” деген рас екен. Басқа түссе баспақшыл. Түрме өміріне де төздім. Бейімделдім. Түрменің өзі емес, моральдық ауыртпалығы жеп жібереді. 

Денсаулығымды күттім. Басты байлық сол екен. Бағасын біле бермейміз былайғы күнде. Жүріп-тұрғанымыздың, жұмысқа барғанымыздың, көшеде қыдырғанымыздың осы бақыт екен. 

Жауғаштыда жаттым (Алматы облысы, Жауғашты ауылындағы әйелдер колониясы). Кәдімгі барақтар. Таза түрме емес. Камера жоқ. 

Су. Судан тарықтық. Суық су ғана бар. Ыстық су жоқ. Аптасына бір рет моншаға түсеміз. Тамағы да жоқтан бар. Тым майлы. Жүрегің лоқсиды. Нан? Оған тіпті тісің батпайды. Түк құнары жоқ. Кейін білдім, бізге әкелетін нанды ұнның ең сапасыз сортынан жасайды екен. Солай. Көтерілмейді. Ашытқанмен көтерілмейді. 

Түрме? Түрмеге түсерімді түсінгенде өлердей қорықтым. Бұған да үйренеді екенсің, бірақ. Керісінше, мұндағылар менен үрейленген сыңайлы. Қанша дегенмен елдің аузында жүрдім ғой. 

https://kaz.365info.kz/massagan-myny-akhorda-bile-me-mirziyaev-khazakhstan-ozudyn-zhosparyn-zhasap-khojypty-318825

Тәртіп бар екен, бастысы. Қоқан-лоқы көрсеткен жоқ ешкім. Жөні дұрыс мамандар жұмыс істейді екен. Әркімнің өз уайымы бар. Көпшілігі бұл өмірден үміт үзуге шақ тұр. Туған – туысқаны теріс айналған олардың. Бостандығы тағы жоқ.

Ауыр қылмас жасағандармен отыратынымды естігенде есім шыққан. Сөйтсем абайсыздықпен адам өлтіріп алған, күйеуінен қорғанам деп қылмыскер атанған әйелдер көп екен мұнда. 

Айналып келгенде қылмыскер де адам. 

Колония? Бұл жақтың да өз өмірі бар. Өз заңы бар. Сол ережеге сай жүріп-тұру керексің. Мұндағы жұрт да жақсы-жаман болып бөлінеді. Иә, қылмысты біліп жасағандар бар. Жетіп жатыр мұндайлар. 

https://kaz.365info.kz/nazarbaev-bylaj-dese-ajgili-zhazushy-zhagympazdardyn-auzyn-zhabudyn-zholyn-ajtty-305651

Адамды 10-12 жыл бойына абақтыда ұстау ақылға сыймайды, білесіз бе? Дұрыс емес бұл. Әрең жүргендер бар. Өз-өзіне қол салғысы келетіндерді қатты қадағалайды мұнда. Себебі, мұндайлар көп. Айттым ғой, әрең жүр деп. Әбден тозған. Тағдыры талқандалған. Рухани жүдеген. 

Көпшілігіне ешкім келмейді де. Қиын ғой. Ойлап көріңізші, ешкім іздемесе, хат-хабар алыспаса. Туған балаларың бас тартса…

Көпшілігі қайтып келеді мұнда. Қайта қылмыс жасап. Себебі, барар жері, басар тауы жоқ. Жұмыс таппайды. Қолдау таппайды. Жоқ, оларды ақтағаным емес. Қазіргі өмірдің шындығы бұл…

5 жыл өмірім абақтыда өтті. Аллаға сыйындым. Жауғашты түрмесінің төбесі ашық. Аспанға қарап абақтыдан шығар сәтімді армандайтын едім. Бәрі де өтпелі екен сезінгім келді. 

Уақытты құр босқа өткізгем жоқ. Ағылшыннан сабақ бердім ол жақта. Бұл мақсатқа арнайы бөлме де бөлді. Бұл да жұмыс қой. Жұмыс уақытты оздырады. Түрмедегі баяу тіршілік осылай ілгерілейді. 

Иә, Назарбаевқа хат жаздым. Кешірсін деп. Арнайы бланк берді. Соны толтырдым. Мен ғана емес, түрмедегі өзге де сотталушылардың Назарбаевқа арыз-өтініш жазуға қақысы бар. 

“Мені кешіріңіз, рақымшылық танытуыңызды сұраймын…” деп бастайсыз кіріспесін. 

Дәл солай жаздым.

“Нұрсұлтан Әбішұлы маған рақымшылық танытуыңызды сұраймын” дедім. Ешкімнен ештеңе ұрламағанымды, адал жұмыс атқарғанымды да айттым. 

“Босататын, кешіретін шығар” деп үміттенгем. Менің жазамды өтеу мерзімімді екі жылға қысқартты тек. 

Мемлекеттік қызмет? Оған енді бес жыл бойы маңайлай алмаймын. 

Иә, өзімді адалмын дегенмен, елдің аузына қақпақ қоя алмайсың. Менің қылмыс жасағаныма сенетіндер көп. Амал жоқ. 

Қазір маған қызмет қызық емес. Жақсылық жасағым келеді. Өмірімді осы мақсатқа арнаймын”.

https://kaz.365info.kz/m-simov-prezidentti-ma-ajyn-zhem-orlardan-tazartuda-ajs-ltan-nazarbaev-245777

Редакция: Анар Мешімбаева осылай депті. Айыпталғаны анық. Жазасын өтеп шықты. Жемқор деген ат сүйекке таңба бәрібір. Мешімбаеваның сөзі биліктегі өзге де атақұмарларға сабақ болса игі…

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз