Енесінің қаталдығының арқасында осы күнге жеткенін айтқан Жазира Байырбекова жантебірентерлік жазба жариялады.
Сондай-ақ, әнші тоғыз баласын өсірген енесінің қарапайым еден жуушы болғанын да жасырмады деп хабарлайды NUR.KZ.
“Кей адамдар үлкен мекемені, елді басқарғанымен отбасына келгенде сөзі жүрмей қалады. Ал енем жәй ғана еден жуушы болған. Айналасына сыйлы, жеті ұл, екі қызды тәрбиелеп, жеті келінді қолында кемі 2-3 жыл ұстап барып бөлек шығарған.
Ешқашан перзенттерінің алдында мұңайып көз жасын көрсетпеген, ер жүрек мықты ана. Аллам маған енемнің бойындағыдай күш қуат, басындағыдай бақ берсе екен.
Жұмыс, мансап, атақ, даңқ, байлық бәрі бірігіп, бір отбасы бақытының орнын толтыра алмайды.
Бір сұқбатта “енем қатал болды” дегенім рас. Сол кездегі қаталдығының менің өсуіме пайдасы тиді. Заманға қарай бейімделу ғой.
Қазір мүлдем қатал емес”, – деді Байырбекова.
Ал желі қолданушылары алтын құрсақты ананың “Ғұмыры ұзақ болсын” деп жылы лебіздерін жаудырды.