Кешелі бері Қытай мен Қазақстан арасында визасыз режим орнауы мүмкін екені жайлы әлеуметтік желілерде даулы ақпараттар тарап, қазақстандықтар өз қарсылығын білдіріп жатыр. Бұл шудың ұштығы қайдан шықты? Ел неге дүрлігіп жатыр? Тиісті органдардан дер кезінде ресми жауап болмағандықтан Abai.kz ақпараттық порталы өз болжамын ұсынуды жөн санады.
Үкімет жетекшісі Сағынтаев қол қойған қаулыда “жетпіс екі сағаттық визасыз режим қазақстандық авиакомпаниялармен Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуежайлары арқылы үшінші елдерге транзитпен өтетін ҚХР және ҮР азаматтарына (оларда қазақстандық авиакомпаниялардың жарамды авиабилеттері болған жағдайда ғана) қолданылатыны” анық жазылған.
ҚХР және ҮР азаматтары осы тармақта көзделген жетпіс екі сағаттық визасыз режимді бұзған жағдайда, кету бойынша шығыстарды шығарып жіберілетін иммигранттар төлейді. Аталған адамдардың қаражаты болмаған не жеткіліксіз болған кезде көрсетілген адамдарды жеткізген қазақстандық авиакомпаниялар өз қаражат есебінен ұйымдастырады.
Қош. Еліміз арқылы транзитпен өтетін Қытай азаматтары жайлы ақпараттың тонын теріс айналдырып, елді үрейлендіріп отырған кімдер? Жоқ, әлде Үкіметтің №175 қаулысынан өзге тағы басқа мәселелер қарастырылып жатыр ма? А,айтпақшы, екі елдің дипломаттары кездескенде визасыз режим туралы сөз болған. Елдің мына қарсылығынан кейін билік әр қадамын аңдап басар деп ойлаймыз. Онсыз да Қытай мемлекетіне деген қарсылық үдеп тұрған кезде қарапайым халықты арандатып алмайық, ағайын!
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz
https://kaz.365info.kz/olar-khaptap-zhyr-myrat-auezov-khytajga-khatysty-ylken-shyndykhty-ajtty-300868