Өскемен қалалық сотына жақында көп әйел алуға қатысты арыз келіп түсті. Мұндай жағдай сот процесінде алғаш рет кездесіп отыр екен.
Бұл туралы Newtimes.kz хабарлады.
Ер адам 2015 жылы үйленіп, заңды некеге тұрған. Ол Шығыс Қазақстандағы аудандардың біріне барған кезде басқа қызды ұнатып, сол жерде қалып қояды.
Арада біршама уақыт өткеннен кейін ол заңды некедегі әйеліне қайтып оралады, бірақ оны әйелі үйіне кіргізбей, үстінен сотқа арызданады. Сотқа жүгінген заңды әйел одан 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (720 мың теңге) моральдық өтемақы талап етеді. Ол арызымен бірге 2015 жылы жергілікті мемлекеттік органда заңды некеге тұрғанын растайтын неке туралы куәлігін ұсынған.
«Менің практикамда мұндай ыңғайсыз жағдай бірінші рет болып тұр. Алайда, менің әріптестерім осындай жағдайлар болып тұратынын айтты. Отбасыда неше түрлі жағдай болуы мүмкін», – дейді Өскемен қалалық сотының судьясы Бұқбаев.