Талғар қаласындағы мүгедек балаларға арналған интернатта туғанынан ауруға шалдыққан бала айуандықпен өлтірілді. Түнгі кезекке қалған күтуші жылап қоймаған сегіз жасар баланы төсегінде тұншықтырып, артынша жуынатын бөлмеге сүйреп апарып буындырып өлтірген деген күдікке ілініп отыр. Бұл туралы КТКтелеарнасы хабарлады.
Оқиғаның бір апта бұрын болғаны анықталып отыр. 8 жасар Мұхамеджанның өз өлімімен емес, кісі қолынан мерт болғанын сот-медициналық сараптама бүгін көрсеткен. Бұл хабарды ести сала ата-ана интернат ғимаратына басып кірді.
Мұнда анықталғаны, баланы буындырып өлтірді деген күтуші 30 жаста екен, Есімі Мейрамкүл, үш баланың анасы. Полиция оны қамауға алып, қазір тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Ал, онымен күніге көрісіп, бірге жұмыс істесіп жүрген әріптестері әйелді онша танымаймыз деп сөйлесуден бастарын ала қашты.
Ал тумасынан жүйкесінде ауытқуы бар Мұхамеджан сөйлей алмаған. Сол себепті де, болған жайтты сол түні кезекте болғандардың ешқайсысы естімеген. Қазір марқұм баланың төсегі жинаулы.
Тек жуынатын бөлмедегі бет орамалы ғана қалған. Ал, қара жамылған отбасы тек күтуші әйел ғана емес, қылмысты жасырмақ болған интернат басшылары да жазалансын деп талап етіп отыр.