Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
1
USD
442
-1.91
EUR
474
-2.45
RUB
4.75
-0.07

“Үлкен өтіріктің жолын кестім. Жазушылар одағы үндемейді” — Қабдеш Жұмаділ

1712

Тарихты жазып жүргендер жөнінде кезіндегі бір сұхбат әңгімесінде Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділ былай деген еді:

«Тәуелсіздік алған соң, жазушыларға көп еркіндік берілді. Кім нені жазамын, қалай жазамын десе де рұқсат. Еркіндіктің екі қыры бар. Жақсы жағы да, жаман жағы да. Еркіндікті пайдаланып, әркім өз ата-бабаларын мақтап, онысын батыр етіп, би етіп, дана етіп көрсетуге тырысқандар қаптады. Олар ақша беріп, қаламы жүйрік журналистерді, жазушыларды жалдап, қойыртпақ дүниелер жасауға көшіп алды. Маған да бірнеше қалталылар келді. Бір дорба ата-басының, әулетінің суреті бар, шежіресі, анасы-мынасы бар. «Сіз тарихты жетік білетін, қаламы ұшқыр халық жаушысысыз, жазып бере қойыңыз» деп қарап тұр. Онымен қоймай, «қазір жазушылар қаржыдан тарығып жүрген заман ғой, нәпақа болсын» деп үстелдің бір шетіне 10-15 мың долларды тастай салысты. Ақша жақсы ғой. Бірақ келісім бермедім. Ертең ол кітаптың мұқабасында менің аты-жөнім тұрады ғой. Ұят емес пе?

Халық жазушысы кім-көрінгенің ата-бабасын жазып кетті деген сөз қандай жаман!

«Ренжімеңдер, мен бүгінге дейін тапсырыспен шығарма жазып көрген жоқпын. Не жазсам да, өз қалауыммен көкейімдегі дүниені ақ қағазға түсірдім. Тек осындайға бейімделген жазғыштар көп қой, соларға барыңдар», деп шығарып салдым.

Өзгелер жазсын, жазбасын демейсің. Бірақ бір әулеттің сойылын соғамын деп, халықты адастыратын дүниелерге жол беруге болмайды. Өйткені тарих – өте кірпияз дүние. Болмағанды болды деп тықпалай беруге болмас.

Қазір тарихта аты қалмаған белгісіз батырлар, билер жөнінде жазылған дүниелерден аяқ алып жүргізсіз заманға тап болдық.

Әрине, жоңғар шапқыншылығы кезінде халықтан көптеген батырлар шықты. Оған дау айта алмайсын. Он басы болған шығар, жүз басы болған шығар. Бірақ бәрін бірдей қол бастады, сардар болды деп атауға болмайды. Қатталған тарихта белгілі ғой, кімдердің хан болғаны, кімдердің қайқы қылышын қолына ала сала елім, жерім деп жоңғарға тап бергені. Бәрі жұртқа мәлім. Бірақ жоқ жерден данышпан, қолбасшы, батыр жасау кімге керек?
https://kaz.365info.kz/kej-mykhtylar-ruym-shapyrashty-dep-makhtanady-eken-268043

Кезінде осындай жалған тарих жасауға ұмтылғандармен дауға да араластым. Онда да жеке басым үшін емес, қазақтың тарихы үшін.

Естеріңде болар, «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітап болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, яғни 1993 жылы. Қағаздың қат кезі. Мен сол кезде қазақтың атақты қолбасшысы болған Қаракерей Қабанбай сардар жөнінде жазылған «Дарабоз» атты шығарманның бірінші томын шығартумен жүргенмін. Қағаз жоқ. Әрең дегенде кітап емес, газет басатын қағазбен әупірімдеп бес мың данамен жарық көрді.

Ал іші қып-қызыл өтіріктен құралған, қазақтың тарихын бұрмалаған әлгі «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітап үш жүз мың данамен жарық көрді. Үкіметтен үлкен қолдау көрді.

Әйтпесе, ол кезде ешкім де үш жүз мың данамен шыға алмайды. Оқып жіберсем, сұмдық. Мен де «Дарабозда» сол он сегізінші ғасырда болған оқиғаларды жазып отырмын. Қаншама дүние ақтардым, қаншама уақытты сарп етіп, мұрағатта отырдым. Мендегі оқиға басқа, әлгі кітаптағы оқиға мүлде басқа. Қаным басыма тепті. Сонда да оқып шықтым. Сосын жағамды ұстадым. Өйткені кітапты жарыққа шығарғандар халықтан сүйінші сұрады ғой. «Бәленбайыншы ғасырда Қазыбек бек Тауасарұлы деген дана кітап жазып, ол бәленбай жыл жер астында көмулі жатыпты. Соны тауып алдық. Міне, сендерге керек тарих осында қаттаулы тұр» деп.

Сұмдық-ай деуімнің себебі бар, әлгі кітаптағы жазу мәнеріне, стильіне қарасам, он сегізінші ғасыр тұрмақ он тоғызыншы ғасырдағы Абай мен Ыбырай Алтынсариннің жазғандарына жақын келмейді. «Социалистік Қазақстанның» қасаң тілімен жазылған. Өте бір шалағай дүние, өз аталарын мақтау, өзгелерді төмендету. Сондай қойыртпақ. Сол кітапта «өткенде жазып берген өлеңдеріңді жоғалтып алдым, тағы бір өлеңдер жазып берші» деп Бұхар жырау Қазыбек бек Тауасарұлына жалынып жүрген бір сорлы.

Ау, Бұхар жырау сондай деңгейдегі адам ба, еді? Оның өзі көл-көсір дүние шығарған жырау емес пе? Мұндай да масқара бола ма?

Қабанбай батыр өз інісімен бір түйеге таласып жүрген, дүниеқоңыз біреу. Атышулы Бөгенбай батыр – қолтоқпақтай жан. Көкесі-ау, өз тұқымыңды дәріпте, бірақ тарихи тұлғаларды солардың көңкесінде қалатындай етіп, қорламау керек қой?!

Абылай бір күңнен туған құл екен. Оны Төле би ұрлап алып, Көркем Уәлидің баласы болмағандықтан соған беріпті. Атақты Қаз дауысты Қазыбек би де бір баланы ұрлап алып, Абдолаға береді. Ол болашақ Жолбарыс хан еді. Ойлары – төреден емес, ханды қарадан шығару керек екен. Бірақ әлгілер төренің бауырында өсуі керек. Қызығын қарасаңшы, бірі күңнен туған, бірі жылқышының баласы, олар өскен соң ержүрек, батыр, ел бастаған данышпан хан боларын әлгі билер алдын ала қалай біліп қойған десеңші.

Сол мақалада айтқаны бар, «Бала ұрлау Еуропада емес, орыстардан емес, бізден шығыпты. Оған атақты билеріміз жол салып беріпті» деп. Бұхар жыраудан басқа Қаз дауысты Қазыбек, Қабанбай, Бөгенбайлар «бізді де қағазыңа жазып, тауарихта қалдырсайшы» деп Тауасарұлына жалынып жүреді…
https://kaz.365info.kz/nazarbaevty-batyr-babalaryna-arnal-an-medal-shy-ypty-239893
Демек, осының жалған екенін айту керек болды. Шындықты айтайық, талқылайық десем, ешкім үндемейді. Жазушылар одағына бардым. Ол кезде Қалдарбек Найманбайұлы одақтың төрағасы. «Ойбай, бұл тарих қой, анау-мынау» деп ат-тонын ала қашып, ақыры «тарих институтына барсаңшы, солар жөнін айтар», деп шығарып салды.

Ертесінде Манаш Қозыбаев басқарып отырған мекемеге бардым. Кітапты ала барғам. «Мынаны оқыдыңыз ба?» дедім амандық-саулықтан кейін. «Оқыдым. Қазір осындай өтірік дүниелер көбейіп кетті, не істерімізді білмейміз» деп шағына сөйледі. «Одақпен бірігіп талқылайық. Одақтан баяндамашы мен болайын, сіз біреуді шығарыңыз. Бұл – тарих алдындағы, халық алдындағы масақара іс. Соның алдын алайық» десем, «осындайлардың бәрін жинап, үлкен конференция жасайық деп отырмыз. Шыдаңыз» деп шығарып салды.

Сөйтсек, ол кісінің де бұл кітапты талқылауға тісі батпай отыр екен. Кітап артында азулы топ барын білетін Манаш аға содан қаймығады екен.

Содан амалсыз, көлемді мақала жазуға отырдым. Отыз беттік мақала даяр болды, «Қуыршақ хандар мен алдамшы билер туралы немесе бір шежіренің құпиясы» деген. 1993 жылы 5 қараша күнгі «Қазақ әдебиетінің» үш бетіне жарияланды.

Оған дейін әлгі кітапты біреулер тарихи құжатқа айналдыра бастаған. Осы маңайдағы мектептерге оқыта бастады.

Бұл жалған тарих қой. Сол мақаламда «Мына кітап он сегізінші ғасырда жазылса, онда қазақ романы сол кезде туды деу керек. Үлкен сенсация осы. Неге сүйінші сұрамайсыңдар», дедім.

Жалған кітап екені бесенеден белгілі. Өйтіп тарихқа қиянат жасауға болмайды. Халық мені қолдады.

Ақыры әлгі кітапты жарнамалау тоқтады. Үлкен бір өтіріктің жолын кескеніме разымын.

Қазір де неше-түрлі сорақы дүниелер шығып жатыр. Бірақ қайсысымен алысасың, қайсысының жолын бөгейсің? Мәселен,

Райымбек батырдың да туған жылы қате көрсетіліп жүр. Әдейі. Қалайда оны «Ақтабан шұбырынды кезінде ерлікпен соғысты, елін қорғады» деп дәріптеу үшін.

Оның батырлығына дау жоқ. Елін, жерін қорғаған батыр. Бірақ ол дәл сол тұста өмірге келген жоқ. «Ақтабан шұбырынды» кезінде оның атасы Ханкелді Қабанбайлармен тізе түйісіп жоңғарға қарсы аттанған. Немересі атасынан кем дегенде 40-50 жас кіші болмай ма? Кесене басындағы жазуда керісінше Райымбек атасы Ханкелдіден 16-17 жас қана кіші болып жүр.

Бұл ақылға сыя ма? Тізе берсек жетеді…».

Бұған не деуге болады?

Камал ӘБДІРАХМАН, әуесқой тарихшы: «Кітаптың жалған екенін үш дерекке қарап анықтадым»

Бердібек ХАБАЙ, тәуелсіз журналист: «Бұл кітаптың оқиғалар желісі мен баяндау тәсілі ерекше қызықтырады»

Ақшарқат Ахметбек
https://kaz.365info.kz/biz-abden-zhenilgen-yltpyz-tarihshy-mambet-khojgeldi-306042

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз