Төлеби ауданы, Зертас ауылындағы ескі зиратта жерленген мәйіттердің қабірі ашылып, сүйектері жартаста шашылып жатыр. Маңындағы бұлақ пен өзен суына ағып кеткендері де бар. Ал суды пайдаланатын елді мекендер халқына қауіп төніп тұр.
Бұл туралы ауыл белсендісі Түймебай Базаров биліктен араша сұрап, дабыл қақты, деп хабарлады Отырар арнасы.
Маятас аулының тұрғыны Түймебай Базаров 2017 жылдың қазанынан қаза болған 65 жастағы құдашасын осы Зертас ауылындағы зиратқа жерлеген. Ол зиратта шашылған сүйектерді көргенде шошып, көпке дейін өз-өзінен келе алмағанын айтты.
Ескі зираттың бір бөлігін су шайып кеткен. Ал ол суды қарияның айтуынша, Тоғыс, Елтай, Қаратас, Сайрам ауылдарының тұрғындары пайдаланып отыр.
Зертас ауылының әкімдігі зираттағы жағдайдан хабардар. Қандай да бір жұмыс атқаруға аудандағы басшылардың қаржы бөлгенін күтіп отыр. Ал ауылдықтар шара тез арада қолданылмаса, зиратты су шайып кететінін айтуда.
«Бұл мәселе біздің назарымызда. Ол жерге көктемде ағаш отырғызып, аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына хат жолдап, бетондауды және судың арнасын бұруды сұранып отырмыз», – дейді Төлеби ауданы Зертас ауылы әкімінің орынбасары Ерлан Сапаров.
Дереккөз: Stan.kz
https://youtu.be/iY-1Odoiwls