ҚР Денсаулық министрлігі Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарында А гепатитіне шалдығуына байланысты түсініктеме берді.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«А вирустық гепатитінің топтық аурушаңдығы Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының мектеп оқушылары арасында тіркеліп отыр. 2017 жылғы қыркүйектен бастап А вирустық гепатитінің 32 жағдайы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының Шолпан ауылында тіркелген болса, оның соңғы жағдайы ағымдағы жылғы 18-қаңтарда тіркелген.
Ал 2018 жылы 5-ақпандағы ақпарат бойынша Қарағанды облысында жалпы А вирустық гепатитінің 82 жағдайы, оның ішінде Қарағанды қаласында – 47, Теміртау қаласында – 13, Шахтинск қаласында – 5 оқиға және басқа аудандарда бірен-саран жағдайлары тіркелген», – деп атап өтілген министрліктің ақпарат агенттігіне берген ресми жауабында.
Бұл ретте, мектеп оқушылары арасындағы топ болып ауру жықтыру жағдайлары Қарағанды қаласының №58 орта мектебінде (20 жағдай), Теміртау қаласының №5 орта мектебінде (8) және Шахтинск қаласының №26 мектебінде (5) тіркелген.
Атап айтқанда,
А вирустық гепатитінің негізгі берілу факторлары – науқас адаммен тікелей байланыста болу, сондай-ақ, вирус тағаммен, сумен, жеке гигиена ережелері сақталмаған кезде беріледі.
«Инфекцияны оқшаулау мақсатында мынадай эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді: мектептегі және үйде науқастармен қарым-қатынаста болғандарды медициналық бақылау; кабинеттік оқыту жүйесін болдырмау; мектепте мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар өткізу бойынша шектеу қою, дезинфекциялау, тұрғындармен, қарым-қатынаста болған балалармен, ата-аналармен А вирустық гепатитінің алдын алу бойынша санитарлық білімді жетілдіру жұмыстарын жүргізу, жоспарлы түрде және инфекция ошағында қарым-қатынаста болған балаларды А вирустық гепатитке қарсы вакциналау», – делінген ведомство мәліметінде.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Үржардағы балалардың гепатитке шалдығуының себебі анықталған болатын.
Сонымен қатар, Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Қарағандыдағы мектеп оқушыларының арасында А гепатитінің ошағы үйде әзірленген сусыннан пайда болғанын айтқан болатын.