Отандық журналист Өркен Кенжебек актер Бауыржан Ибрагимовті сынап тастады. Оған актердің Ләйлі Сұлтанқызына берген сұхбатында сахна киесі жөнінде айтқан сөзі себеп болған көрінеді, деп хабарлайды Stan.kz.
Журналист Өркен Кенжебек Instagram желісіндегі парақшасында Бауыржан Ибрагимовті сын астына алды. Ләйлі Сұлтанқызына берген сұхбатында актердің «кез-келген театрда оқылған Құран қабыл болады» деген сөзі журналистің шамына тиген сыңайлы.
Сондай-ақ, Өркен Кенжебек сахнада кие болмайтынын атап өтті. Тек сахна мәдениетін сақтау керек екен.
«Егер Бауыржан айтқандай, сахнада кие болса, «Құдағи, бір партия» деп құда мен құдағидың арасын жүйелі түрде азғырғаны үшін «последний патрон» (ред. Автордың сөзі өзгертілмей берілді) иесінің шалбары түсіп кетер еді, әйтеуір бір күні. Егер сахнада кие болса, соған шөп шегіп, арақ ішіп, іш киімінің алды сары, арты қоңыр боп шыға салатын әншілердің жағы ажырап кетер еді. Сахналық көйлегі қолтық жүні қырқылмаған жезөкшенің көншегіндей салдақы тектестерге бірдеңе болар еді. Ән ұрлаған, дауысын компьютермен зорайтқандар ше?
Сахнаға қатысты ырымдар бар, иә. Бір актриса бар еді, театрдың сахнасына адам сияқты амандасатын. Біреу оған тек оң жағынан шығу керек дейді, біреу сол жағынан – сонда қадамым сәтті болады дейді. Жарайды, ол. Бірақ, мен білетін сахнада кие жоқ. Сахнаның мәдениеті бар. Ал ол мәдениет әркімнің жеке мәдениетінің деңгейі. Басқа ештеңе де емес», – деп жазды журналист Өркен Кенжебек.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Бауыржан Ибрагимов елді шулатқан қонақ үй оқиғасының неден басталғанын айтып берген еді.