Синоптиктер ақпан айына арналған ауа райы болжамын жария етті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі “Қазгидромет” РМК өкілдеріне сілтеме жасап.
Консультативтік болжамға сәйкес ақпан қарлы, Атлантика аудандары мен Каспийдің оңтүстігінен циклондардың жиі өтуіне байланысты елдің солтүстігінде 15-20 м/с дейін жел күшейіп, қар жауып, боран соғып, оңтүстігінде жауын-шашын, тұман және көктайғақ болады деп болжанып отыр.
“Ауа температурасы: солтүстік жартысында түнде 25…35 аяз, күндіз 15…25 аяз; оңтүстік жартысында 10…20 аяз, күндіз 5…10 аязға дейін төмендейді. Нәтижесінде ауаның орташа айлық температурасы Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында нормадан 1 градусқа жоғары, ал қалған аумақта нормаға жуық болады деп болжанады”, – деп хабарлады “Қазгидромет” өкілдері.