Павлодар тұрғыны Марина Юткина үш баласымен бірге жертөлені паналап отыр.
Марина Ресей азаматтығын алып, үй сатып алып қойған. Алайда көші-қон заңнамасы өзгеріп, оны Ресейден жер аударып жіберген.
Үлкен ұлы жертөлеге келген соң жүйке жүйесі бұзылып, емханаға түскен. Қызы бала күнінен мүгедек. Екінші ұлы корректорлы мектепте оқиды.
«Басында пәтер жалдап тұрдық. Кейіннен оған шама жетпеді. Сосын осында көшіп келдік», – дейді Марина Юткина.
Маринаның өзі 25 теңге үшін дала сыпырып жүр. Екі жыл бұрын жатақханадағы бөлмесін сатып, Ресейге көшкен. Ауылдан үй алып, мал ұстаған. Алайда құжатының мерзімі өткендіктен оларды Қазақстанға жер аударып жіберіпті.
Амалы таусылған ана еріктілерден көмек сұрайды. Еріктілер Маринаның жағдайын айтып, көпшіліктен жәрдем беруді өтінді.
Маринаның қазір тек төлқұжаты ғана бар. 45 жастағы әйел ата-ана құқығынан айыра ма деп те қорқады. Алайда әкімдіктегілер балаларды тартып алмайтынын айтты.
«Бұл жайлы алаңдамаса да болады. Қандай жағдай болсасын мұны комиссия шешеді. Анасы балаларын асырамақ ниетте. Ондай жағдайда ешкім ата-ана құқығынан айыра алмайды», – дейді қаладағы жұмыспен қамту жәні әлеуметтік бағдарламар бөлімінің жетекшісі Рымкеш Сағынова.
Шенеуніктер жалғызбасты ананың құжаттарын рәсімдеп беруге уәде берді. Ал тұрғындар еріктілер арқылы бұл отбасыға азық-түлік пен киімдер беріп жатыр.