Кеше, 15-желтоқсанда 76 жасында қазақ футболының атасы, “Қайрат” футбол клубының бетке ұстар тұлғасы Тимур Сегізбаев өмірден өтті.
Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Тимур Санжарұлы 1941 жылы Семей өңірінде өмірге келіп, футбол мектебін Алматыда тәмамдаған еді.
1958-1970 жылдар аралығында алматылық “Қайрат” сапында 200-ден аса ойын өткізді. Ол алматылық клубтың құрамында керемет ойынымен көзге түсіп, жанкүйерлердің жүрегін жаулап алған болатын. Халық мақтанышына айналған футболшының КСРО чемпионатында соққан голдары ел есінде мәңгі сақталды.
Тимур Санжарұлы – КСРО Спорт шебері, ҚазССР және ҚР еңбегі сіңірген жаттықтырушысы, Мемлекеттік спорт қайраткері, ҚР ҰОК-нің орден иегері. “Қазақстан Футбол Федерациясы, футболшылар мен бапкерлер, ардагерлер мен төрешілер, барлық футбол қауымдастығы Тимур Санжарының тума-туыстары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтады”, – делінген естіртуде.