Елімізде соңғы күндері арзандай бастаған бензин бағасы әрі қарай құлдырамайды. Әсіресе сұраныстағы АИ-92-нің құны қазіргідей 158-160 теңгенің көлемінде сақталмақ. Бүгін Энергетика вице-министрі осындай болжам жасады, деп хабарлады КТК арнасы.
Айтуынша, бензин мен солярканың жеткілікті қоры жиналып, жанармай нарығы тұрақталыпты. Сондай-ақ вице-министр, Атыраудағы мұнай өңдеу зауытының өртенуіне де жауап берді. Айтуынша, құбырдың жарылуынан шыққан тілсіз жаудың кесірінен зауыт өндірісті екі есеге қысқартқан. Яғни, тәулігіне 14 мың тонна орнына 7мың шығаруға мәжбүр. Бірақ бұл жанармай тапшылығы мен баға саясатына еш әсер етпейді деп сендіріп отыр. Өйткені, залалды қалпына келтіру үшін бір аптадай ғана уақыт қажет екен.
“Қазір жағдайды өздеріңіз білесіздер мұнай базаларында бензин мен дизел толық жеткілікті бар. Бензинді айтсақ шамамен 13 күнге жететіндей, солярка оншақты күнге жететіндей көлемі жиналды. Сондықтан ол негізі жағдайымызға көп әсер тигізбейді”, – дейді ҚР Энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов.