Талдықорғанда сот жүйесін жаңғырту мәселелеріне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Білікті заңгерлер, тілшілер мен тарихшы ғалымдар бас қосқан жиында алқа билердің қатысуымен сот процесін дамыту жайы жан-жақты талқыланды деп хабарлады “Хабар-24” телеарнасы.
«Конференцияның басты мақсаты – билер сотының қоғамдағы рөліне тағы бір мәрте көз жүгіртіп, сарапқа салу. Біз мұны еліміздегі құқықтық мәдениетті қалыптастыру ісінде барынша пайдалана білуіміз керек», – дейді қатысушылар.
Қазір Алматы облысының әрбір ауылдық округінде медиация кабинеттері жұмыс істеп тұр. Соның арқасында мыңға жуық сот өндірісі оң шешім тапқан.
Арықбай Ағыбаев, заң ғылымдарының докторы, профессор:
– Билер сотын ұмытуға болмайды. Біздің түп-қазығымыз, қазақ қоғамының дамуының негізі – билер. Осыған байланысты біз әлі де қоғамдық негізде болса да билер құрамасын құрып, әр ауылдан, тұрғылықты жерден қазақтың ішінде көбейтуіміз керек. Олар халықтың ішінде ескі, пайдалы салт-сана, дәстүрді насихаттауы керек. Сонда біз алға жылжимыз.