Екібастұз қаласында бес қабатты тұрғын үй қолданысқа берілді. Жаңа баспана «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында салынған.
Қоныс тойын тойлаушылардың дені – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар және бюджеттік мекеме қызметкерлері деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында басталған. Мереке қарсаңында 80 отбасы жаңа баспанаға кіріп, қоныс тойын тойлап жатыр.
Екібастұз еліміздегі моноқалалардың ішіндегі ең ірісі саналады. Өндірісі өркендеген шаһарда тұрғын үйге сұраныс жоғары. Сондықтан «Нұрлы жер» бағдарламасымен тұрғын үй салуға осы қала үшін 2017 жылы 2 миллиард теңге бөлінген.
– Осы желтоқсан айының 13-і күні біз 9 қабатты 72 пәтерлі, сосын 9 қабатты 180 пәтерлі үйлерді тапсыру жоспарлануда. Сонымен қатар 5 қабатты 3 үйдің құрылысы жүріп жатыр. 2018 жылдың тамыз айында іске қосамыз, – дейді Екібастұз қалалық әкімдігі құрылыс бөлімінің жетекшісі Абай Кәрімов.
Үстіміздегі жылы 700 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілсе, келер жылы оның көлемін 1800-ге жеткізу межеленген. “Нұрлы жол” бағдарламасы бойынша 2020 жылдарға дейін бұл өңірде 2,5 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Халқының саны 150 мыңнан асатын кеншілер шаһарында баспана мәселесі осылай біртіндеп шешімін тауып келеді.