Инфекция аурулары мен иммунология саласындағы ерен еңбегі бар, биоқаруды зерттеумен айналысқан Қанатжан Әлібек шетелде Кен Алибек деген атпен танымал. Ол АҚШ-та, одан соң, Украинада ондаған жылдар бойына үлкен жобалармен айналысқан.
Бұл туралы ол Facebook-тегі жеке парақшасында былай жазды:
«Бір апта бұрын өзім істейтін компания басшылығанан жуырда ғана жасап шыққан препараттарымды көптеп шығаратын екі өндірісті жолға қою туралы тапсырма алдым. Біреуі Техаста, екіншісі Флоридада. Жұмыстың уақыты – желтоқсанның аяғы және қаңтардың басы.
Бақандай екі өндіріс орны, онда да жарты ай ішінде ғана! Үлгереміз, оны жақсы біліп тұрмын. Енді салыстырғым келіп тұр, өзім болған басқа елде (Қазақстан) қалай еді?..
– шешімді қабылдайтын біз (болашақ өндіріс жетекшісімен бірге), басқа ешкім емес;
– ешкім арзанын ал деп қақсамайды, өйткені бағасы арзан болған сайын сапасы да нашар болатынын олар жақсы біледі;
– көп қағаз толтырып керегі жоқ, аға қызметкер немесе топтың басшысы келеді, не сатып алу керектігін ауызша түсіндіріп айтып бересің, болды, іс ары қарай жүре береді;
– тендер деген жоқ;
– аудит деген де жоқ, онда да аудиторды өзіміз жылына бір рет шақырамыз, шешім қабылдаудан бастап барлық цифрларды дұрыстап тексеріп берсін деп;
– тасымал қысқа мерзім ішінде атқарылады;
– СЭС, МЭС деген секілді сау ете түсетін жиі тексергіштер жоқ, әрине тексеру болады, онда да алдына ала ескерту арқылы, заңды тұрғыда бәрі. Демек, біздің өндірістеріміз басында болмаса да қаңтардың ортасында жұмысқа кіріседі„, – деп жазды ол.
Қанатжан АҚШ-қа кетер алдында бойын қорқыныш билей бастағанын да айтыпты.
«Мен ешкімнен қорықпаймын деп ойлайтынмын. Өйткені арым, жаным таза. Бірақ АҚШ-қа кетер алдында қатты қорықтым. Қазақстандағы аудиттен қорықтым.
Рас, жұмыс істетпейді, тексере береді, тексере береді, зерттеу дұрыс жүргізілген бе, оны да тексереді. Ондайда ойланып қаласың, науқасты емдеу үшін аз ақша жұмсау керек пе еді деп?..
Аудит бір апта емес, ай, тіпті, бірнеше айларға созылады. Сені ұнатпай қалғандардың тапсырмасы бойынша, әйтеуір, бірдеме табу үшін түртпектей береді, түртпектей береді. Бірдеме шығып қала ма дейді ғой. Өстіп, жынымды шығарды.
Бір күн бәріне бір түкірдім де АҚШ-қа кетіп қалдым. Мұнда бір компанияның ғылым жағын басқарамын. Мұнда күдіктену деген жоқ. Сен ең басынан таза адамсың. Бәрі саған сенеді, қолыңа бәрін сеніммен беріп қояды.
Бірақ алдап көрсеңіз оңбайсыз. Құдай сақтасын, одан. Басқасын білмеймін, ғалымға еркіндік пен сенім артылса, көз жұмып жұмысын істей береді ғой. Мұның өзі бақыт екен ғой. Барлық жұмыс тек өзіне байланысты болғаны. Анандай – сатып алушылар, қаржыгерлер, аудиторлар, СЭС немесе басқасы өктемдік етпегені қандай жақсы?! Бұл арада басқасының өзі бүтін әскерді құрайтын шығар. Жұмыс уақыты баяғыда аяқталған (4 сағат бұрын), енді үйіме қайтайын„ деп аяқтапты өз жазбасын ғалым.
Кеннет Әлібек 1992 жылы Қазақстаннан АҚШ-қа көшіп кеткен. 2010 жылы еліне қайта оралып, Ұлттық медицина холдингі мен Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығын басқарған.